Алматы полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын алдағы өтетін Қайрат — Реал Мадрид футбол матчына билет сатып алу кезінде сақ болуға үндеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ірі спорттық және мәдени іс-шаралар қарсаңында интернетте жалған билет ұсынатын алаяқтар көбейеді. Осыған байланысты Алматы полициясы әлеуметтік бейнеролик дайындап, ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдерді түсіндірді.
Полиция тұрғындарға билеттерді тек ресми кассалардан және лицензиясы бар таратушылардан сатып алуды ұсынды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алдын ала төлемді талап ететін күмәнді ұсыныстарға сақ болған жөн.
— Қала тұрғындары мен қонақтарына ескертеміз: алдағы матчқа қызығушылық артқан сайын алаяқтық әрекеттердің қаупі де жоғарылайды. Еш жағдайда билетті қолдан немесе тексерілмеген интернет-платформалардан сатып алмаңыз. Күмән туған жағдайда тек ресми кассаларға және лицензиясы бар дистрибьюторларға жүгініңіз. Бұл — өзіңізді және қаражатыңызды қорғаудың жалғыз жолы, — деді Алматы Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Полиция күмәнді хабарландырулар мен алаяқтық деректері анықталған жағдайда бірден «102» нөміріне хабарлауды еске салды.
Еске салайық, 30 қыркүйекте алматылық Қайрат 2025/26 маусымындағы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Реал Мадридке қарсы ойнайды.
Пікірлер