Бұл туралы Тарбағатай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінен мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауылдарда кітапхана мен клуб ашылады
Ресми ақпаратқа сүйенсек, ауданда 8 мәдениет үйі мен 3 клуб бар. Сондай-ақ Ақжар ұлт аспаптар оркестрі, Терісайрық халық оркестрі, «Толағай» фольклорлық ансамблі, «Барқытбел» этноансамблі, «Достар даусы» халықтық ерлер ансамблі, Ш.Мухамадиев атындағы Ақжар халық театры мен С.Шериязданов атындағы Жаңауыл халық театры жұмыс істейді.
Алдағы уақытта Ақжарда жаңа мәдениет үйін, ал Құйғанда клуб салу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, аудан бойынша Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 12 кітапхана бар. Былтыр олардың материалдық базасы үшін жергілікті бюджеттен 9 500 000 тенге қарастырылды. Ал осы жылы Қабанбай, Қарасу, Жетіарал, Маңырақ ауылдарындағы нысандарды интернетке қосуға 1,653,0 теңге, Құйған мен Қабанбайдағы кітапханаларға қажетті құрал-жабдықтар алуға 5,769,0 теңге, кітаппен қамтамасыз етуге 1,688,0 тенге бөлінді.
Келесі жылы Ақжар орталық кітапханасының шатырын ауыстырып, сыртын қаптау, ал 2027 жылы Ахметбұлақ ауылдық кітапханасын жөндеу көзделіп отыр.
Жаңа спорт нысандары көбейіп келеді
Анықталғандай, Тарбағатайда спортты жанына серік еткендер үшін 84 ғимарат жұмыс істейді. Атап айтқанда, 59 спорт алаңы, 1 ипподром, 22 спорт залы, 27 футбол алаңы және 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені.
Өткен жылдары Жетарал, Тұғыл, Қарасу, Жаңатілеу, Шолақорда және Ақжар ауылдарында жергілікті бюджет қаржысына шағын футбол алаңдары салынса, Тұғыл ауылында облыстық бюджеттен 921,8 млн теңге бөлініп, дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Биыл Ақжар ауылындағы орталық стадион жөндеуден өтті. Енді мұнда 911,2 млн теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Спорт нысаны жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Айта кетейік, аудандағы екі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазір 843 оқушы бар. 32 жаттықтырушы бокс, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, стол теннисі, волейбол, гір көтеру, армрестлинг, ұлттық ат спорты түрлерінен болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде.
- Соңғы жылдары Тарбағатайда гір көтеру, стол теннисі, садақ ату, бокс бағыттары жақсы дамып келеді. Жыл сайын 80-нен астам спорттық-көпшілік шара ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам қатысуышының басын қосуда, - деп хабарлады Тарбағатай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінен.
Биыл 50-ге жуық тарбағатайлық спортшы облыс біріншіліктерінде, республикалық жарыстарда жеңімпаз атанса, ондаған спортшы облыс және Қазақстан құрама командасының сапына алынды.
Жыл сайын 10-11 қазан аралығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дойбы, шахмат, стол теннисі, қол күрес, асық атудан аудандық спартакиада өтеді.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,дене шынықтыру және спорт бөлімінің ақпаратынша, жыл соңына дейін тағы 30-ға жуық спорттық іс шара өткізілмек.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер