A+ A A-

talgatzhan 35 5-09-2025, 15:40 0

Тарбағатай ауданында 337 бала 1 сыныпқа барды

Бүгін / Тарбағатай

Ресми ақпарат бойынша, қазір ауданда 29 білім ордасы жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында 3451 оқушы мектеп партасына оралып, 337 бала 1 сыныпқа барды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дауытбаеваның сөзінше, ауданда апатты және үш ауысымда жұмыс істейтін мектептер жоқ.

- Соңғы 3 жылда Шолақорда ауылында Б.Майлин атындағы мектеп-балабакша кешені, Тәуке ауылында Т.Тоқтаров атындағы негізгі орта мектебі, Шенгелді ауылында Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша кешені салынды. Қазір Сарыөлен ауылында Б. Момышұлы атындағы негізгі орта мектебі салынып жатыр, - деді ол. 

Белгілі болғандай, биыл Құйған орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейіне робототехника, Абай атындағы орта мектебіне физика, Қ.Ақынов атындағы орта мектебіне, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебіне, М.Әуезов атындағы мектеп-интернат колледжіне STEM кабинеттері сатып алынды.

- Тарбағатай ауданы бойынша барлық 29 білім ошағында ғаламтор бар. 21 мекемеде "Starlink" интернет желісі іске қосылған, қалған 8 мектеп “Қазақтелеком” АҚ бойынша ғаламтормен қамтамасыз етілген, - дейді Самал Дауытбаева. 

Айта кетейік, өткен оқу жылында аудан оқушылары түрлі бағытта жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жеңіс тұғырынан көрінді. 

- Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен балалар 14 олимпиада, 2 зерттеу жобалар конкурсы, 4 байқау, 7 оқу және түрлі 11 онлайн зияткерлік конкурсына қатысты. Пән олимпиадалары мен сайыстардың облыстық кезеңіне 197 оқушы қатысып, 70-і жеңімпаз атанды. Республикалық кезеңге 32 бала жолдама алып, 20-сы түрлі орындарға ие болды. Облыстық спорттық жарыстар мен чемпионаттарда 350 жас спортшы өз бағын сынап, 169-ы топ жарды, - деді аудандық білім бөлімінің басшысы. 

Сондай-ақ ауданда 2 қосымша білім беру ұйымы - Балалар өнер мектебі мен Ақжар балалар саз мектебі балалардың шығармашылығын дамытуға үлес қосуда. 

Самал Дауытбаеваның айтуынша, аудан мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар назардан тыс қалған жоқ. 

- Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің корытындысы бойынша негізгі орта білім берудің жеке оқу бағдарламасымен үйден оқыту, жалпы оқу бағдарламасын бейімдеп, педагог-ассистенттің сүйемелдеуімен білім беру, жалпы сынып жағдайында оқу бағдарламасына бейімдеп оқыту мүмкіндіктері қарастырылған. Сонымен қатар психологиялык-педагогикалық түзеу кабинеті де жұмыс істейді, - дейді ол. 

Айта кетейік, қазір Тарбағатай ауданында балабақша кезегінде тұрғандар жоқ.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив