
Қабанбай мен Құйған ауылында спорт модульдері салынады
Тарбағатай ауданының ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің ақпаратынша, биыл мұнда халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған түрлі маңызды жоба қолға алынды. Елдімекендерді ауызсумен қамту, жол жөндеу, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, тұрғын үй салу және спорттық инфрақұрылымды дамыту – ауданның басты басымдықтарының бірі болып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауызсу тартылады
Шалғайдағы елдімекендерді таза ауызсумен қамту үшін нақты жұмыстар жүргізілуде. Құйған және Жаңаауыл ауылдарында су құбыры желілерін қайта жаңғырту аяқталуға жақын. Асусай, Шорға және Жаңатілеу ауылдарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар 2026 жылдың соңына дейін толық іске асады деп күтілуде. Ал Ахметбұлақ, Шолақорда, Тәуке ауылдарында жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алды. Алдағы жылы мердігерді анықтау үшін конкурс өтеді. Сондай-ақ Бозша мен Жамбыл ауылдарына қатысты жобалық құжаттар әзірленуде. Осы шаралар ойдағыдай жүзеге асса, аудан халқы сапалы ауызсумен толық қамтылмақ.
Қазандық 98%-ға дайын
Анықталғандай, ауданға жалпы 31 720 тонна қара отын қажет. Оның ішінде тұрғындарға – 23 500 тонна, білім беру мекемелеріне – 5153 тонна, денсаулық сақтау ұйымдарына – 2917 тонна, мәдениет нысандарына – 150 тонна бөлінген. Қазір Қ. Жарлықасымов атындағы Жаңалық орта мектебінің қазандығы жөнделіп, Қ. Билялов атындағы мектеп-лицейдің жылыту жүйесі қалпына келтіріліп жатыр. Әлеуметтік нысандардағы жылу қазандығының 98 пайызы алдағы жылыту маусымына дайын тұр.
Көшелер жөнделіп жатыр
Ауданның 28 ауылында 188 көше бар, оның 175-і жарықтандырылған. Қалған көшелерге жарық 2027 жылға дейін тартылады. Биыл бірқатар ауыл жолы жөнделді. Мәселен, Қабанбай ауылындағы Кабанбай көшесі, Бозша ауылына кіреберіс жол, Жаңалық ауылындағы Қасенов көшесі, Ақжар ауылындағы Абай және Атауы жоқ көше, Тұғыл ауылындағы Қарасуат көшесі орташа жөндеуден өтті.
Алдағы уақытта Байтоғастағы, Абай көшесі, Қарасудағы Сүлейменов, Атабаев көшелері, Құйғандағы Тарбағатай, Өзтүрік, Алтынсарин көшелері, Жаңаауылдағы Ислямов, Кенжебаев, Бұланбаев көшелері, Ақжардағы Жамбыл көшесіне орташа жөндеу жүргізілмек.
Баспана беріледі
Тарбағатай ауданының ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің ресми ақпаратына сүйенсек, халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында аудан аумағында 20 пәтерлік тұрғын үйлер салынуда. Ақжарда – 8, Қарасуда – 2, Бозшада – 2, Жаңаауылда – 4, Сарыөлеңде – 1, Қазақстанда – 1, Шорғада – 1 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Желтоқсан айында құрылыс жұмыстары аяқталып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға пәтер кілттері табысталады.
Бұдан бөлек, аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануы үшін спорттық инфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлінуде. Ақжар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Ол осы жылдың соңына дейін ел игілігіне берілмек. Бұдан бөлек, 2027 жылы Құйған және Қабанбай ауылдарында спорттық модульдер салу жоспарланып отыр.
Осылайша, жоғарыда аталған бастамалардың барлығы аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған. Ауызсу, тұрғын үй, жол және спорт салаларындағы жобалардың жүзеге асуы ауылдардың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатыны анық.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер