Ресми ақпаратқа сүйенсек, ауданда 1973 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Анығын айтсақ, 105 заңды тұлға, 803 жеке кәсіпкер және 1065 шаруа қожалығы бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрамбек Мұхатовтың айтуынша, тарбағатайлықтар жыл сайын «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
- 2023 жылы 48 жоба мақұлданып, 322,7 млн теңге қаржы бөлінді. Былтыр 4 жобаға 31,2 млн теңге берілді. Ал осы жылы 19 жоба қаржыландырылып, 236,1 млн теңге несие берілді, - деді ол.
Сондай-ақ ауданда жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған түрлі тренингтер, семинарлар мен конкурстар ұйымдастырылуда. Мәселен, “Бір ауыл – бір өнім” жобасы ауылдың өзіндік ерекшелігін танытатын бірегей өнім жасауға бағытталған. Жоба жеңімпаздарына 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі.
Мейрамбек Асылбекұлы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында бірнеше ірі жоба қолға алынып, аудан әлеуетін көтеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыруға жол ашып отырғанын алға тартты.
- Биыл ауданда «Tarbagatai Agro» ЖШС ірі жобасы мақұлданды. Су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 600 гектар алқап игерілмек. Жоба аясында 1,4 млрд теңге тұратын «Su Bereke» маркалы 14 жаңбырлатқыш қондырғы орнатылады. Бұл бастама жергілікті егін шаруашылығын жаңа деңгейге шығарып, өнімділікті арттыруға зор үлес қоспақ. Сондай-ақ Зайсан көлінің әлеуетін тиімді пайдалану үшін «CRYSTAL LAKE» ЖШС балық өңдеу зауытын салуды бастады. Жалпы құны 3,5 млрд теңге болатын жоба 2024–2028 жылдар аралығында жүзеге аспақ. Зауыт жылына 6 мың тонна балық өңдеп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, шетелге де экспорттауды көздейді, - дейді бөлім басшысы.
Бұдан бөлек, 2028 жылдан бастап «East Smelting» ЖШС ірі өнеркәсіптік жобаны жүзеге асырады деп күтілуде. Жалпы инвестиция көлемі 217 млрд теңгені құрайтын тау-кен байыту комбинаты жылына 25 млн тонна кен өндіру және өңдеу қуатына ие болмақ. Бұл өз кезегінде өңірдің тау-кен өнеркәсібін дамытып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет ашық дереккөзден
Пікірлер