
Тарбағатай ауданында асыл тұқымды мал басы көбейіп келеді
Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрамбек Мұхатов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, ауданда 90 074 бас ірі қара, 151 162 бас қой мен ешкі, 32 723 бас жылқы өсірілуде. 1093 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер, 53 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген.
– 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 309,8 млн теңгеге 46 бизнес-жоба қаржыландырылды. Ауданда егін шаруашылығы да қарқынды дамуда. “Asylonim” ЖК иесі Жандос Малдыбайұлы “Кең дала – 2” бағдарламасы бойынша 1,9 млн теңге, “Ауыл аманаты” аясында жылыжай сатып алуға 7,4 млн теңге несие алды, – деді Мейрамбек Мұхатов.
Бұдан бөлек, мұнда су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Бұл бағытта 3 ауыл шаруашылығы кооперативі суармалы жерге жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатуда.
– «Қызылбұлақ» кооперативі 150 гектар егістік жерге 3 қондырғы және 5 гектарға тамшылатып суару әдісін енгізуде. Жайылымдарды суландыру үшін 3 құдық қазылып, сыйымдылығы 60 текше метр су жинау резервуары дайындалды. «ALUA CORPORATION» кооперативі биыл 40 гектар жерді игеріп, 1 жаңбырлатып суару қондырғысын орнатады. Ал «Қайқы» кооперативі тағы 40 гектар жерге егін егіп, жаңбырлатып суару құрылғысын пайдалануға енгізеді, – дейді бөлім басшысы.
Бұдан бөлек, ауданда субсидиялау бойынша 563 өтінім қабылданып, 622 млн теңге игерілді. 265 өтінімге 303,7 млн теңге былтыр төленсе, 298 өтінімнің 319,3 млн теңгесі биыл қаржыландырылды.
– Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының маңызды салаларының бірі. Соның ішінде мал шаруашылығы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және халықтың тұрмыс деңгейін арттыруда шешуші рөл атқарады. Мал өнімдерінің сапасын арттыру мен шаруашылық тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі – асыл тұқымды мал басын көбейту. Аудан бойынша асыл тұқымды малдардың үш негізгі түрі өсіріледі: ірі қара, жылқы және қой, – деді Мейрамбек Асылбекұлы.
Қазірде Ақжар, Жаңаауыл, Жетіарал, Қабанбай және Қарасу ауылдық округтерінде 7 520 бас асыл тұқымды ірі қара, Ақжар ауылдық округінде 686 бас жылқы, Жаңаауыл, Қабанбай, Жетіарал және Маңырақ ауылдық округтерінде 16 654 асыл тұқымды қой бар.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын одан әрі дамытуға айрықша назар аударылуда. Агроөнеркәсіптік кешен саласында жаңа мүмкіндіктер қарастырылып, мал бордақылау алаңдарын кеңейту және асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Бұл бағытта жұмыс жүргізуге қызығушылық танытып отырған қолданыстағы ауыл шаруашылығы кооперативтері де бар. Сонымен қатар жаңадан кооператив құруға ниетті азаматтар да кездесуде. Алдағы кезеңде аталған салалар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, асыл тұқымды мал басын арттыруға бағытталған іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға, шаруашылықтардың экономикалық тиімділігін көтеруге және экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді, – деді Мейрамбек Мұхатов.
Анықталғандай, бүгінде ауданның жалпы жер қоры 1 017 000 гектарды құрайды. Атап айтқанда, егістік – 6 106,5 га, тыңайған жерлер – 2 115,5 га, шабындық – 24 309,0 га және жайылымдық – 459 626,9 га.
– Ауданда жерді тиімді пайдалану мониторингі жүргізіліп, пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда. Былтыр бұл көрсеткіш 24 208,0 гектарды құрады. Қайтарылған жерлерді қайта айналымға енгізу үшін ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу мақсатында және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін конкурстық негізде жер пайдалану құқығы берілуде. Өткен жылы 2 787,25 га жер қайта айналымға енгізілді. Ал өткен айда конкурстық негізде 5 187,3 га жер берілді, – дейді бөлім басшысы.
Мейрамбек Мұхатовтың айтуынша, су тапшылығы себебінен егістік жерлер толық игерілмей отыр.
– Аудан үшін ерекше маңызы бар нысан – Қандысу су қоймасы. Ол 1983 жылы салынған, сыйымдылығы 43,7 млн текше метрді құрайды. Бірақ соңғы жылдары бөгет апатты жағдайға тап болып, толыққанды пайдалануға мүмкіндік болмады. Салдарынан бірнеше ауылда егістік пен жайылымға су жетіспей отыр. Қазір Қандысу су қоймасын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржы бөлінуде. Жөндеу толық аяқталса, аудан шаруалары үшін жаңа мүмкіндік ашылады, – деді ол.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Пікірлер