16 қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
«Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу сияқты өзекті тақырыптарға қатысты өзгерістер қарастырылған.
— Басты жаңашылдықтардың бірі — Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпенің алынып тасталуы. Бұған дейін ұрланған адамды ерікті түрде жіберген адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Енді бұл мүмкіндік алынып тасталды: жәбірленушіні өз еркімен босатқан күннің өзінде кінәлі адам заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деп түсіндірді министрлік.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бабы «Некеге мәжбүрлеу» енгізілді. Енді бұл әрекет қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылады.
— Некеге мәжбүрлегені үшін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Қылмыстың мән-жайына байланысты 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұлдан бастап екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылады. Егер мұндай әрекет абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Ал егер мәжбүрлеу зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелділігін пайдалану арқылы, адамдар тобымен немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, бұдан да қатаң жаза қарастырылған, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Бұл өзгерістер некеге мәжбүрлеудің алдын алуға және ең алдымен әйелдер мен жасөспірімдер сияқты осал топтарды қорғауға бағытталған.
Пікірлер