«AMANAT» партиясы ШҚО филиалының ұйымдастыруымен Күршім ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған шараға «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхамед Жұмабек, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Сағындық Жылқыбаев, ШҚО мәслихатының депутаты Ғани Шаймарданов, Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбеков қатысты.
Қоғамдық қабылдау барысында аудан тұрғындары негізінен «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиеге қатысты сауалдарын қойды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді бөлу мен тиімді игеру мәселелері де көтерілді.
- Шекаралық аудандарда кәсіппен айналысу оңай емес. Қаржыға, жерге қатысты мәселелер жиі туындайды. Осындай қоғамдық қабылдаулар біз үшін үлкен көмек. Партия тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында ауылдағы кәсіпті дамытуға мүмкіндік бар екенін сезінудеміз, – деді аудан тұрғыны Даулетқан Тоқтаубаев
Еске салар болсақ, көшпелі қоғамдық қабылдау ертең Марқакөл ауданында жалғасып, партия өкілдері марқакөлдіктердің сұрақтарын тыңдап, жеке мәселелері бойынша қабылдайтын болады.
- «AMANAT» партиясы әрқашан халықтың жанынан табылады. Әсіресе шекаралық аудандардың жағдайы біз үшін ерекше маңызды. Бүгін көтерілген мәселелер назарға алынып, жауапты мемлекеттік органдарға жеткізіледі. Халықтың өтініш-тілегін орындау – біздің басты міндетіміз. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға нақты мүмкіндік береді. Біз әр азаматтың осы мүмкіндікті толыққанды пайдалануына қолдау көрсетеміз, – деді «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхамед Жұмабек.
Пікірлер