ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Тарбағатай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Дәурен Сағатбековтің бастамасымен Қыдырбек Бильялов атындағы мектеп-лицейде бейбіт күннің батыры, өртке қарсы қызмет капитаны Ахметқали Мухамадиевтің құрметіне «Жас құтқарушы» үйірме сыныбы ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас ұрпақты батылдық пен ерлікке тәрбиелеудің маңызын атап өтті.
— Ахметқали Мухамадиев – саналы ғұмырын өрт қауіпсіздігіне арнаған арда азамат. Ол Ақжар, Тұғыл ауылдарындағы бөлімдерді басқарды. Тарбағатай және Күршім аудандарында өрт қауіпсіздігі бөлімінің басшысы қызметін атқарып, 1988 жылы абыроймен зейнетке шықты. Еңбегі еленіп, көптеген мемлекеттік марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «КСРО Милициясының 50 жылдығы» медалі (1967 ж.), «Мінсіз қызметі үшін» медалі (1973 ж.), «Өрт сөндіру қызметінің үздік қызметкері» медалі (1987 ж.), «Еңбек ардагері» медалі (1988 ж.), «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісі (2019 ж.) мен басқа да мерекелік марапаттар.
Ахметқали Қабидолдаұлы тек қызметте емес, отбасында да өнегелі әке, ұрпаққа қамқор тұлға болды. Жары Роза Ильясқызымен 56 жыл ғұмыр кешіп, 7 бала, 20 немере, 16 шөбере тәрбиелеп өсірді, - делінген аудан әкімдігінің ақпаратында.
Іс-шара аясында 7 сынып оқушылары «Жас құтқарушы» сыныбының алғашқы мүшелері ретінде Отанға адал қызмет етуге ант берді.
Бұдан бөлек, волейболдан аудандық ашық турнир ұйымдастырылды. Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері иеленсе, жүлделі 2 орынға Абай мектебі лайық деп танылды. Ал Спорт мектебі 3 орынды қанжығаларына байлады.
Айта кетейік, аудандағы төтенше жағдайлар саласы қарқынды дамып келеді. Аудан құрылған жылдары небәрі 6 тірек пост болса, бүгінде олардың саны 11-ге жетті. Сарыөлең, Асусай, Жалаңаш, Ахметбұлақ және Шорға ауылдарында жаңа посттар ашылды. Қазір 18 қызметкер халық игілігі үшін қызмет атқарп келеді. Олар арнайы киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген. Биыл Ақжардағы №15 және мен Тұғылдағы №16 өрт сөндіру бөлімі заманауи техникалармен толықты.
Пікірлер