Былтыр тамызда облыс орталығындағы саяжай маңынан бірнеше пышақ жарақаты бар әйелдің денесі табылған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сот-медициналық сараптама нәтижесіне сүйенсек, әйел жабық бас-ми жарақатынан кейінгі миына қан құйылып, көз жұмған. Марқұмның денесінен көптеген пышақ жарақаты анықталған.
- Қылмыскер алдымен әйелді ауыр затпен ұрып, бірнеше рет пышақтаған. Ол оқиға орнынан бірден қашып кеткенімен, бірнеше күннен кейін Күршім ауданында ұсталды. Жеке заттарының арасынан жәбірленуші қанының іздері бар айғақтар табылды, — делінген қалалық прокуратура ақпаратында.
Қылмыскер бұған дейін де бірнеше рет адам өлтіргені үшін сотталған. Алғашында кінәсін мойындағанымен, кейін психикалық ауытқушылықты сылтауратып, жазадан жалтаруға тырысқан. Алайда сот-медициналық сараптама оның есі дұрыс екенін анықтап, іс сотқа жіберілді.
- Сотталушы істі алқабилердің қатысуымен қарауды сұрады. Бір ай бойы ол алқабилерді шатастырып, өз нұсқаларын ұсынып, кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Алайда алқабилер оның айтқандарына сенген жоқ. Нәтижесінде ер адам кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды, - делінген ресми мәліметте.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер