Алдағы қыс ерекше қатты, ұзақ және қарлы болатыны жөнінде елдің гидрометеорологиялық қызметі ескерту жасауда. Бұл жағдай барша ауыл шаруашылығы саласына, әсіресе мал шаруашылығына айтарлықтай салмақ түсіретіні анық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тарбағатай ауданының әкімдігі мен ауыл шаруашылығы бөлімі аудан тұрғындары мен барлық шаруа қожалықтарын қысқы мал қыстату жұмыстарына жедел және жан-жақты дайындалуға үндейді.
- Мал басына шаққандағы азық мөлшерін дұрыс есептеп, кемінде 6–7 айға жететін шөп, құнарлы жем қоры жасақталуы қажет. Бұл — малдың қыстан аман шығуы мен өнімділігін сақтау кепілі. Қора-қопсыны жөндеп, суықтан, ылғалдан, бораннан қорғайтын барлық шараларды орындау керек. Жарық, желдету және азық сақтау орындары да талапқа сай болуға тиіс. Жем-шөп қоры жеткіліксіз болған жағдайда көрші ауылдармен немесе қожалықтармен келісіп, қосымша сатып алу мүмкіндігін қарастыру қажет. Ауыл әкімдіктері бұл мәселеде қолдау көрсетуге дайын. Кіші қожалықтар мен жеке тұрғындарға ірі шаруашылықтар тарапынан қолдау көрсету – ауыл бірлігінің белгісі. Бұл бағытта ауыл әкімдері тиісті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізетін болады. Қыста орын алуы мүмкін қиындықтардың алдын алу – әрбір азаматтың, әрбір шаруашылықтың тікелей жауапкершілігі. Уақытында дайындық жүргізілмеген жағдайда, малдың күйі төмендеп, ауру-сырқау мен өлім-жітім көбейеді. Мұндай жағдайлар аудан экономикасына, отбасының күнкөрісіне теріс әсер етеді, - делінген аудан әкімдігінің ресми мәліметінде.
Жем-шөп әзірлеу және дайындық жұмыстары 1 қазанға дейін толық аяқталуы тиіс.
Пікірлер