24 қазан күні облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Республика күніне орай салтанатты жиын өткізіп, өңірдегі бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Марапат иелерінің қатарында мемлекеттік қызметшілер, өнеркәсіп, білім, спорт және денсаулық сақтау салаларының үздік өкілдері бар.
— Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – тәуелсіздігіміздің символы, азаттық пен елдіктің бастауы. Біз үшін атадан қалған азаттықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ. «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе, нең қалар» деген дана сөз әрқайсымыздың санамызда сәуле болып тұрса, ұлтымыздың өмір бәйгесіндегі орны да биік болмақ, – деді аймақ басшысы өз құттықтау сөзінде.
Президент жарлығымен «Құрмет» орденімен алты азамат марапатталды. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты басшысы Ерлан Текешов, Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов, сондай-ақ Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы бар.
«Еңбек Даңқы» III дәрежелі ордені «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС бас директоры Владимир Аксеновке табысталды.
Сонымен қатар, «Ерен еңбегі үшін» медалімен он азамат, ал «Шапағат» медалімен Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев марапатталды.
Марапат иелерінің бірі, «Мерген» шаруа қожалығының басшысы Бақытбек Ильясов өз әсерімен бөлісті.
— Үлкен Нарын ауданынан келіп отырмын. Қазір зейнеткермін, совхозда 25 жыл еңбек еттім. Бұл марапат сол еңбегімнің жемісі. Республика күні құтты болсын, – деді ол.
Сондай-ақ Айтқазы Шерубаев мерекеге арналған ізгі тілегін жеткізді.
— Республика күні – халқымыз үшін тарихи маңызы зор мереке. Алда бағындырар белестер көп. Сол белестерді бағындыратын – біздің жастарымыз. Бүгін марапат алып жатқандар сол сенімнің символы, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жиын соңында марапат иелеріне ордендер мен олардың төлқұжаттары табысталды. Бұл – еліне адал қызмет еткен азаматтардың еңбегіне берілген жоғары баға.
Пікірлер