Әкесі Тұғылдың тумасы болса да, Таллинде тұратын спортшы «Шығыс Салбұрыны» фестиваліне арнайы шақырылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылы маңында бірнеше күнге созылған халықаралық фестивальге расымен-ақ бірнеше елден туристер келді. Айталық, Аустриядан жеткен ерлі-зайыптылар бұл жақтың табиғатының көркемдігі де, күннің салқындығы да скандинавиялық елдермен қарайлас деді. Көшпенділер өміріне қызығатын көрінеді. Валерий Жұмаділов есімді спортшы Эстонияның астанасы Таллиннен келіп, ауқымды шараны көппен бірге тамашалап жүрді. Бірақ ол жақта тұрса да, әкесі Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылының тумасы. Бозанбай іргесіндегі Бүркіт төбеге белгілі ресторатор Мұхтар Тойбазаровпен келген.
– Атажұртыма атізін салғаныма қатты қуанып тұрмын. Мұхтар Серікұлының шақыруымен мұның алдында да осы өңірге аялдағам. Жуықта бір қызық ой келді. Көпшілігі хабардар болар, Германияда әр жылы «Oktoberfest» фестивалі өтеді. Қалың жұрт сыра ішу үшін Мюнхенге ағылады. Сенесіздер ме, бірнеше апта ішінде ол қалаға 6 млн адам жиналады. «Altai fest» фестивалі де сол сияқты Қазақстан көлемінде ең танымал брендке айналуы тиіс. Түбі солай болатын да сияқты, – деді Валерий Еркешұлы.
Жерлесімізді ТМД көлемінде көп адам таниды. 60 жастан асқандар арасында 60 метр қашықтыққа жүгіруде халықаралық жарыстарда жүлде алған жан. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы мыңдаған оқырманы үшін жеңіл атлетиканы насихаттап келеді.
Пікірлер