A+ A A-

talgatzhan 31 Кеше, 21:30 0

Өскеменде Күршім ауданының мәдени күндері басталды

Бүгін / Өскемен / Күршім / Руханият

14 қараша күні Өскемен қаласында облыстық “Туған жер – алтын бесігім” жобасы аясында Күршім ауданының мәдени күндері ауқымды деңгейде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Бұл күн ауданның рухани мұрасын, табиғи байлығын және жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін таныстыруға арналған мәдени алаңға айналды.
Филармонияның кең фойесінде ауданға қарасты барлық ауылдық округтері өнімдерінің көрмесі өтті. Көрме сөрелеріне балық шаруашылығы өнімдері, шұжық түрлері және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері қойылды. Сонымен қатар жергілікті қолөнершілердің ағаштан, теріден, жүннен жасалған бұйымдары, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен тұрмыстық заттар көпшілік назарына ұсынылды.
Аудан әкімі Мейіржан Әлбеков мәдени күндердің маңызын атап өтіп, Күршімнің негізгі шаруашылық бағыттарына тоқталды.
– 14-15 қараша күндері облыс орталығында Күршім ауданының мәдени күндері өтіп жатыр. 18:00-де аудан өнерпаздарының гала-концерті өтті. Кештің құрметті қонағы – Серікбол Сайлаубек. Көрмеде әр округ өз өнімдерін әкеліп, жұртшылыққа таныстырды. Ауданымыз негізінен балық шаруашылығымен, егін шаруашылығымен, қауын-қарбыз өсірумен айналысады. Жаңадан ашылған шағын цехтарымыз да бар. Бүгін сол өнімдерді қала тұрғындарына ұсындық, – деді аудан басшысы.
Көрмеде аудан кәсіпкерлері өздерінің жаңа өндірістік бастамаларын да таныстырды. Солардың бірі – “Мойнақ” шұжық цехы.
– 2024 жылдың тамыз айында арнайы грант жеңіп алып, цехты іске қостым. Қазір 10 түрлі шұжық өндіреміз. Бүгін көрмеге сол өнімдерді әкелдім, – деді кәсіпкер Раушан Асхатова.
Жергілікті өнімдерге қызығушылық жоғары болды. Көрермендер ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын сатып алып, аудандағы кәсіптің дамуына өз үлестерін қосты.
Кештің негізгі бөлігі – аудан өнерпаздарының гала-концерті. Сахнада дәстүрлі ән мен күй, халық билері, терме және заманауи бағыттағы шығармалар орындалды. Күршім ауданының мәдениеті мен өнерін танытатын шығармашылық ұжымдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Концерттің арнайы қонағы – көпшілікке кең танылған эстрада әншісі Серікбол Сайлаубек. Әнші кеш соңында бірнеше хит әндерін орындап, көрерменді ерекше энергиясымен қуантты. Мәдени күндерге келген жастар да өз әсерлерімен бөлісті.
– Бүгінгі концерт маған өте ұнады. Мен облыстардың мәдени күндеріне жиі келемін. Бірақ Күршім – туған жерім болғандықтан, бүгінгі шара жүрегіме жақын болды, – деді Айзере Маратбек.
Бұл шаралар аудандар арасындағы мәдени байланысты нығайтып қана қоймай,  кәсіпкерлерге өнімдерін халыққа ұсынуға, өнерпаздарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік береді. Көрме мен концерттің бір алаңда өтуі тұрғындарға ауданның рухани және экономикалық әлеуетін жан-жақты таныстыруға ықпал етті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив