Бүгін «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының алаңында Күршім ауданының ауылшаруашылығы өнімдері ұсынылған жәрмеңке ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара облыстық “Туған жер – алтын бесігім” жобасы аясында қолға алынып, Күршім ауданынан келген ірі шаруашылықтар мен жеке өндірушілер өз өнімдерін қала жұртына ұсынды.
— Бүгінгі жәрмеңкеге аудандағы жеті ауылдық округтен ірі-ірі шаруа қожалықтарын шақырдық. Барлығы 7,5 тоннаға жуық сиыр, жылқы, қой еті сатылымға шығарылды. Бұдан бөлек балық, бал, қолдан жасалған сары май, қаймақ, құрт секілді табиғи өнімдер де дар, — деді Күршім аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаков.
Тауар бағалары қала нарығынан төмен болды. Еттің келісі 3100–3500 теңгеге, құрттың келісі 6000 теңгеге сатылды.
Тұрғындар мұндай бағаның тиімді екенін айтады.
- Жәрмеңке өте жақсы өтті. Әсіресе еттің құны көңілге қонымды. Қазір қалада ет бағасы 4500 теңгеден төмен емес. Осындай жәрмеңкелер жиі болса, міндетті түрде келеміз. Ауылдың дәмі мүлде басқа ғой. Бүгін Күршімнің етін, қолдың сары майын алдық, — дейді қала тұрғыны Бағжамал Әшімова.
Жәрмеңке тек сауда алаңы ғана емес, мәдени-спорттық шаралармен толыққан мерекелік іс-шараға айналды. Тұрғындар үшін ұлттық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Әсіресе гір көтеру сайысы ерекше қызығушылық тудырды. Ерлер қауымы белсенділік танытып, бірінен-бірі асып түсуге тырысты.
Сонымен қатар аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, халық әндерін орындап, келушілердің көңілін көтерді. Алаңда ауылдың атмосферасын сездірген ән мен күй, ұлттық ойындар жәрмеңкені нағыз ауыл фестиваліне айналдырды.
Пікірлер