240 млн теңгеге Алтай қаласындағы Панфилов, Астана көшелеріне орташа жөндеу жүргізсе, 45 млн теңгеге Серебрянск қаласындағы көше жолдарын жөндеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алтай ауданының басшысы былтыр әкім болып тағайындалғанда 2023 жыл басталғалы қарашаға дейінгі аралықта 32 шақырым жол жөнделгенін айтты. Бұл аудан көлемінде. Мұны естіген бойда өңір әкімі Ермек Көшербаев бірден ескерту жасады.
– Бұл аудан Катонқарағайға апаратын транзиттік өлке. Халық үшін де, тұрғындар үшін де тиісті жағдай жасалынуы тиіс. Ренат Тілеуханұлы, жұмыс істеңіз. 32 шақырым жол жөнделуін көрсеткіш деп те қабылдауға келмейді. Жаңа қызметке тағайындалғалы жақсылап жұмыс істеуге уақытыңыз бар, – деген болатын.
Жуықта Ренат Тілеуханұлы тоғыз айды қорытындылап, Өскеменде өткен брифингте ресми ақпараттарымен бөлісті. Жауапты тұлғадан биыл «Жол жылы» аясында жұмыс қарқыны қалай өрбігенін сұрадық.
– Биыл 1 млрд теңгеден астам қаржы аудан көлеміндегі жолдарды жөндеуге бөлінді. Ол облыстық бюджеттен де, аудандық бюджеттен де алынды. Ең бірінші, Прибрежное ауылынан апарар 7 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Бұл учаске талай жылдан беру жөнделмеген болатын. Ауылдың өзі судың жағасында орын тепкен, – деді аудан әкімі.
Жауапты тұлға, бұған қосымша ретінде Прибрежное маңы енді туризм тұрғысында өзгерістерді өткермек. Қазір әкімдік бұл аумақты соған әзірлеп жатыр.
– Себебі, жол түзелді. Ол жақта бір кәсіпкеріміз бар, 40 адамға арналған нысанды қонақүйге айналдырақ. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында оған жуықта ғана несие беру мақұлданып, іскер азамат енді пейнтбол ашу жағына кіріседі. Өз базасында монша да, бассейн де жұмыс істеп тұр. Прибрежноеға апарар жол жөнделгенде қуанып, тағы да ұсыныстарын айтты. Ол ашқан қонақүйге Алтай мен Өскемен қаласынан атбасынан бұрғандар да жиі аялдайды. Жол жағдайы жақсарса, туризмді дамытуға деген ниет те артады, – деді Ренат Құрмамбаев.
Бұдан бөлек, 240 млн теңгеге Алтай қаласындағы Панфилов, Астана көшелеріне орташа жөндеу жүргізсе, 45 млн теңгеге Серебрянск қаласындағы көше жолдарын жөндеу жалғасып жатыр. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жыл басталғалы аудан көлемінде 44 шақырым жол жөнделген.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер