
Шығыстың бидайы шет ел асты: ШҚО биыл алты мемлекетке 90 мың тоннаға тарта бидай экспорттады
Өткен аптада облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен бірқатар маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, күзгі дала жұмыстарын жүргізу барысы, өңірдің геология саласы мен жер қойнауын пайдалану және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының орындалуы. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстарын күшейтуді, геологиялық барлау саласына жеке инвестициялар тартуды қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ шалғайдағы елдімекендер мен туристік орындарға Starlink спутниктік терминалдарын орнату мен қосу мүмкіндіктерін пысықтау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ел егін жинап үлгерді
ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджибекованың сөзінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 616,9 мың гектарды құрады.
– Дәнді дақылдар 235,7 мың га алқапта (528,2 мың тонна бастырылды), майлы дақылдар 259,5 мың га алқапта (537,1 мың тонна), жемшөп дақылдары 108,1 мың га алқапта, картоп 7,3 мың га алқапта, көкөністер мен бақша дақылдары 4 мың га алқапта жиналды, – деді ол.
Диқандар 52 мың тонна дәнді дақылдар, 3,5 мың тонна майлы дақылдар тұқымын дайындады. 13 мың тоннадан астам дәнді дақылдар тұқымы жиналды.
Биыл егін жинау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне Павлодар мұнай-химия зауытынан 22,9 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бүгінде соның 18,7 тоннасы (81%) төленіп, жөнелтілді.
– Дәнді және майлы дақылдарды кептіруге 6,3 мың тонна бөлінді. Қазір 4,2 мың тонна (66%) төленіп, 2,6 мың тонна (41%) жөнелтілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда, – деді басқарма басшысы.
Жаңа өнімді алғашқы өңдеуден өткізу үшін түрлі қуаттылықтағы 300 механикаландырылған тоқ, 83 кептіргіш, 6 лицензияланған элеватор жұмыс істейді.
– Барлық нысанның жалпы сақтау қуаты - 757,3 мың тонна. Ал май мен ұн тарту кәсіпорындарында шамамен 250 мың тонна сақтау орны бар. 19 қарашадағы жағдай бойынша 6 лицензияланған элеваторда 175,4 мың тонна астық сақталып тұр, – деді Ажар Елемесқызы.
Жыл басынан бері көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей, Қырғызстан мен Қытай елдеріне шамамен 89,6 мың тонна бидай, Қытай мен Литваға шамамен 1 мың тонна күнбағыс экспортталды.
Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы ақпаратынша, 2024 жылдың қарашасынан осы жылдың қазанына дейін 75 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 5,9 млрд теңге берілді.
– «Ертіс» ӘКК арқылы 6 өтінімге 8,3 млрд теңге көлемінде несие берілді. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша барлығы 14,2 млрд теңгеге несие алынды. 1 қазанда 2026 жылға арналған диқандарды қаржыландыруға өтінім қабылдау басталды. Қазір 1,4 млрд теңгеге 5 өтінім қаралуда. Биыл өсімдік шаруашылығын дамытуды субсидиялау бағдарламалары шеңберінде 6,1 млрд теңге бөлінді. Әлі қосымша 1,6 млрд теңге қажет, – деді басқарма басшысы.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 14,3 млрд теңгеге 460 ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді.
Қанша ауылда интернет жоқ?
Сосын ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Сапарғалиев ғаламтор хақында бірақ ақпарат төкті. Оның айтуынша, жыл соңына дейін 27 ауыл интернетке қосылады.
– 2022 жылы 17, 2023 жылы 20, 2024 жылы 45 ауылға ғаламтор іске қосылды. Биыл 28 елдімекенде интернет пайда болды. Жыл соңына дейін бұрын қамтамасыз етілмеген 111 елдімекеннің тағы 27-сін қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 291 ауыл қамтылып, халықты тұрақты интернетпен қамту деңгейі шамамен 99%-ға жетпек, – деді Арнұр Сапарғалиев.
Ал Катонқарағай, Күршім, Марқакөл сынды жетуі қиын таулы және шекара маңындағы аудандарда орналасқан 66 ауыл 2027 жылы кезең-кезеңімен байланыспен қамтамасыз етіледі.
– Мәслихаттардың Алтай ауданындағы Ленинск, Ландман, Кутиха ауылдарын, Шемонаиха ауданындағы Заречное және Рулиха ауылдарын тарату туралы шешімдері ескеріліп, инфрақұрылымдық жобаларға жалпы қажеттілік 61 қамтамасыз етілмеген елдімекенге дейін төмендетілді. Осылайша, 357 ауылдың 246-сында интернет бар, – деді басқарма басшысы.
Бес ауданда барлау жүргізіледі
Әрі қарай облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсат қазба мен барлау жұмысына тоқталды. Анықталғандай, облыста мыс, қорғасын, мырыш, алтын, көмір, металл емес минералдар және көмірсутектер кен орындары бар.
– Биыл өңірде 508 жер қойнауын пайдалану учаскесі тіркелген. Аймақта полиметалл кен өндіру секторындағы ең ірі компаниялар қатарында Алтай ауданы мен Риддер қаласындағы ең ірі полиметалл кен орындарын игеретін «Казцинк» ЖШС, Ертіс кен өндіру аймағында (Глубокое және Шемонаиха аудандары) кен өндірумен айналысатын «Востокцветмет» ЖШС бар. Былтыр полиметалл кенінің жалпы өндірісі 3,9 млн тоннаны құрады. Оның ішінде 28 000 тонна қорғасын, 128 000 тонна мырыш және 51 000 тонна мыс бар. Сондай-ақ алтын құрамдас кендерден 8,9 тоннадан астам алтын өндірілді, – деді Исатай Аңсат.
Тау-кен өнеркәсібі аймақтың өнеркәсіптік өнімінің 6,2%-ын құрап, өндіріс көлемі 166,9 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде металл кендерін өндіру басым.
– Жыл басынан бері бұл салаға 66 479,9 млн теңге инвестиция құйылды. Қазір 229 шағын және орта бизнес субъектісі тау-кен және карьерлерді қазумен айналысады. Осы жылдың үшінші тоқсанында ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 1600
жұмыс орнын құрайтын 552,9 млрд теңгелік алты тау-кен жобасы қосылды, – деді басқарма басшысы.
Минералды-ресурстық базаға соңғы он жылда мемлекеттік бюджеттен шамамен 18 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында Алтай, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандарында және Өскемен қаласының маңында шикізат кен орындарының дерекқоры әзірленді.
Облыстағы 9 учаскеде 2024 жылдан 2027 жылға дейін геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Аймақтың минералды-шикізат базасы әлі де сарқылмаған.
– Өңірде одан әрі барлауды қажет ететін көптеген кен орны анықталды. Алтай, Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарының әлеуеті зор, – деді Исатай Аңсат.
Бұдан өзге, өңірде заңсыз өндірудің алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдануда.
– Мемлекеттік экологиялық қадағалау аясында ірі кәсіпорындар жоспарлы және жоспардан тыс тексеріліп отырады. Сондай-ақ алтын мен пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруді анықтау мен алдын алу ерекше назарда. Биыл осыған қатысты 9 қылмыстық іс қозғалды, – деді басқарма басшысы.
Ал рұқсаты бар жер қойнауын пайдаланушылар алтынды мұнай өңдеу фабрикаларына жеткізу мәселесімен ұшырасып жатыр. Себебі алтын кемінде 5 келі мөлшерде қабылданады.
– Бұл мәселені шешу үшін ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалы мен «Ертіс» ӘКК» АҚ-ға осы ұйымдарда кесек, құм және шашыраңқы алтын жинау пунктін ашу туралы ұсыныстар жіберілді. Шешімі қарастырылып жатыр, – деді Исатай Аңсат.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер