Аудан әкімі Дархан Жөргекбаев Тұғыл ауылын дамытуға қатысты алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан басшысының айтуынша, басты мақсат – ауылды қазіргі деңгейінде қалдырмай, кезең-кезеңімен заманауи талаптарға сай шағын қалаға айналдыру.
– Бұл бағытта ең алдымен өндіріс орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық беріледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын жүйелі дамыту көзделіп отыр. Тұғыл ауылында егіс алқаптарын ұлғайтып, шамамен 20 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланған. Бұл бастама егін шаруашылығын жандандырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, өңірде ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесі де қарастырылуда. Болашақта Зайсан көлі аумағында өзен порты мен теміржол желісін салу жоспарланып отыр.
– Аталған жобалар өңірдің логистикалық әлеуетін арттырып, сауда-саттық пен жүк тасымалын жаңа деңгейге көтереді. Әрине, мұндай ауқымды жұмыстар бір күнде жүзеге аспайды. Алайда бүгіннен басталған нақты қадамдар Тұғыл ауылының болашақ келбетін айқындап, оны өңірдегі ірі экономикалық орталықтардың біріне айналдыруға негіз болады, – деді Дархан Жөргекбаев.
Фото: мұрағаттан
Пікірлер