A+ A A-

talgatzhan 40 11-12-2025, 15:30 0

Теректібұлақ ауылы тұрғындары көпір жағдайына алаңдаулы

Бүгін / Күршім

Жуықта редакциямызға Күршім ауданына қарасты Теректібұлақ ауылы тұрғындары хабарласып, елдімекенге апарар жолды су шайып жатқандығына шағымданды. Олардың айтуынша, көктемнен бері Күршім өзені бойындағы көпірдің бас жағында теректер өсіп кеткен. Қазір арна кеңейіп, тасжолды су шайып жатқан көрінеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тұрғындар шағымы

Редакцияға хабарласқан Теректібұлақ ауылының тұрғыны Камаш Таупихованың сөзінше, көпірдің бір бөлігі қирауға шақ тұр. Көктемгі тасқын кезінде оны су ағызып әкетуі әбден мүмкін. Жергілікті жұрт тиісті органдардан өзен арнасын ретке келтіріп, қаулай өскен теректерді кесуді сұрайды.

Көктемнен бастап Күршім өзені бойындағы көпірде теректер өсіп, арнасы кеңейіп кетті. Содан көпірдің бір жағы құлағалы тұр. Осы мәселе бойынша әкім орынбасары мен прокуратура өкілдері келіп, жағдайды көріп кеткен. Сол кезде арнаны реттеу, теректерді кесу қажеттігі айтылды. Ауыл әкімдігі қаражаттың бөлінгенін жеткізді. Бірақ содан бері 2-3 ай өтіп, міне қыс түсті. Су жағадан шығып, ендігі тасжолға дейін жетті. Көктем келсе, халыққа қауіп төндіреді ме деп қорқамыз. Қазір кәсіпкер тиісті тапсырманы орындап жатыр деді. Бірақ мәселе көпірдің қирағалы тұрғанында ғой. Оны су алып кетсе, аралда қаламыз, деді ауыл тұрғыны.

Әкімдік жауабы

Аталған жағдай бойынша Күршім ауданы әкімдігіне сауалхат жолдадық. Белгілі болғандай, бүгінде Теректібұлақ ауылында 306 адам тұрады, барлығы 77 аула бар. Күршім ауданы әкімінің міндетін атқарушы Роллан Нұрланұлының айтуынша, көпірге қатысты тұрғындардан ресми өтініш түспеген.

Ауыл тұрғындарынан аудан әкіміне көпір мәселесі бойынша бүгінгі күнге дейін өтініш-шағым түскен жоқ. 24-29 қараша аралығында көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық, деді ол.

Анықталғандай, Абай ауылдық округінің әкімі жергілікті жұртшылықпен кездесіп, мәселенің мән-жайын түсіндірген. Тұрғындардың өтініші назарға алынып, көпір әкімдік тарапынан жөндеуден өткен. Алайда өзен жағасына өскен қалың теректі кесу мен арнаны түзеуге қаржы қарастырылмаған болып шықты.

– Өзен арнасын реттеп, жағалаудағы теректерді кесуге арналған қаражат 2026 жылға аудандық мәслихатқа ұсынылады. Әзірге қыс мезгілінде өзен суынан ауыл тұрғындарына тікелей қауіп төніп тұрған жоқ, – деді Роллан Нұрланұлы.

Осылайша, Теректібұлақ тұрғындары көтерген мәселе бақылауда қалмақ. Ауыл халқының бар тілегі сол,көктемгі тасқынға дейін өзен арнасын реттеу жұмыстарының қолға алынуы. Олар нақты шаралар қабылданады деп үміттенеді.

Аянат МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Оқырманнан келген фотосурет

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив