Тәуелсіздік мерекесіне орай 15 желтоқсан күні Тарбағатай ауданы Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Сарыөлең ауылында жаңадан бой көтерген жаңа мектептің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған маңызды шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен Білім басқармасы басшысының орынбасары Жанғазы Алипбаев арнайы келіп қатысты.
Сонымен қатар, аудан әкімі Дархан Шомпайұлы, аудан әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Нағызханқызы, облыстық мәслихат депутаты Болат Жұмабекұлы, «AMANAT» партиясы Тарбағатай аудандық филиялының төрайымы Арайлым Муслимқызы қуанышты жайттың куәсі атанды.
Шара барысында облыс басшылығы жаңа мектеп ғимаратымен танысып, білім ордасының материалдық-техникалық мүмкіндіктерін көрді, оқушылармен еркін форматта тілдесті. Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесіне орай мектеп жанындағы балабақша тәрбиеленушілеріне арнайы сыйлықтар таратылып, бүлдіршіндерге мерекелік қуаныш сыйлады. Заманауи талаптарға сай салынған мектеп ауыл балалары үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырып отыр.
Айта кету керек, осы жылдың сәуір айында аудан әкімі Дархан Жөргекбаев аталған мектеп құрылысының алғашқы қазығын қаққан болатын. Арада небәрі сегіз ай уақыт өтіп, мектеп бүгін пайдалануға беріліп отыр. Бұл – жоспарлы жұмыстың, жүйелі бақылаудың және нақты нәтижеге бағытталған еңбектің айқын көрінісі.
Жаңа мектеп – ауыл келешегіне, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған нақты инвестиция. Тарбағатай ауданында білім саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Пікірлер