Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылында жеңіл көліктер мен жүк көліктеріне арналған заманауи шиномонтаж ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жергілікті кәсіпкер Ербол Битибаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9,8 млн теңге жеңілдетілген несие алып, жеңіл көліктер мен жүк көліктерінің дөңгелектерін жөндеуге және ауыстыруға арналған арнайы жабдықтар сатып алды. Бүгінде ғимарат толық дайындалып, алғашқы тұтынушыларына қызмет көрсетуде.
Жаңа қызметтің іске қосылуы өңірдегі көлік логистикасы мен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жүк көліктері үшін үлкен қолдау болмақ. Бұған дейін жүргізушілер дөңгелектерін ауыстыру немесе жөндеу үшін аудан орталығына, басқа елді мекендерге баруға мәжбүр болса, енді бұл қызметті өз ауылында алуға мүмкіндік туды.
Жоба жүк көліктерін пайдаланатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер үшін уақытты үнемдеп қана қоймай, қосымша шығындарды да азайтуға жол ашады.
- Бұл жобаны бастауымның басты мақсаты – ауылдағы көліктерге сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету еді. Қазір ауыл шаруашылығында, құрылыс пен тасымалдау саласында ауыр техника көп қолданылады. Ал дөңгелек жөндеу қызметі – олардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауы арқылы заманауи жабдықтар алып, осы істі жолға қойдық. Бұл тек мен үшін емес, бүкіл ауыл үшін пайдалы жоба деп ойлаймын, – дейді Ербол Битибаев.
Жаңаталап ауылында ашылған кәсіп жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл экономикасының дамуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне серпін беріп отыр.
Осындай нақты жобалар арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдарда бизнесті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған тиімді тетік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Пікірлер