Өскемен гарнизонында сарбаздардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіптің сақталуы тұрақты бақылауда. Жеке құрам арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери тәртіпті нығайту және әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Серебрянск қаласындағы 97638 әскери бөлімінде әділет лейтенанты Мақсат Рамазанов мерзімді әскери қызметшілері үшін арнайы дәріс өткізіп, жеке сұхбаттасты. Кездесу барысында әскер қатарында жиі назар аударуды қажет ететін маңызды тақырыптар қозғалды.
Сарбаздарға «Өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу», «Жарғыдан тыс қарым-қатынас іс-әрекеттері», «Әскери бөлімді өз бетімен тастап кетудің құқықтық салдары» тақырыптары түсіндірілді. Дәріс барысында бұл әрекеттердің әскери қызметке, жеке тұлғаға және жалпы ұжымға тигізетін зияны нақты мысалдар арқылы жеткізілді.
- Әскери қызметшілер қиын жағдайға тап болса, жалғыз емес екендерін еске саламыз. Психологиялық қысым, тұрмыстық немесе қызметтік мәселелер туындаған жағдайда командирлерге, тәрбие жұмысы жөніндегі офицерлерге немесе әскери полиция өкілдеріне жүгіне алады, - деді әділет лейтенанты Мақсат Рамазанов.
Дәрістен кейін сарбаздармен жеке сұхбат ұйымдастырылып, олардың көңіл күйі, қызметке бейімделуі, жеке мәселелері тыңдалды. Мұндай ашық форматтағы әңгіме әскери қызметшілердің өз ойларын еркін айтуына мүмкіндік беріп, өзара сенімді нығайта түсті.
Пікірлер