Жеке сот орындаушысы Алтай аудандық сотына борышкердің жүргізуші куәлігінің күшін тоқтату туралы ұсыныспен жүгінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұған оның сот шешімін орындамауы, яғни кәмелетке толмаған баласын асырауға табысының 1/4 бөлігі мөлшерінде алимент төлемеуі себеп болған.
Сот отырысында ер адам сот шешімін орындаудан бас тартпайтынын, алайда қазір отбасылық мәселелерге байланысты жұмыссыз жүргенін мәлімдеді. Айтуынша, жақын арада құрылыс ұйымына жұмысшы болып орналасуды жоспарлап отыр және қолына ақша тиген бойда қарызын кезең-кезеңімен өтеуге уәде берді. Осыған байланысты ол жүргізуші куәлігінен айырмауды сұрады.
Сот анықтағандай, борышкерде «B, B1, C, C1» санаттары бойынша жүргізуші куәлігі бар. Алайда алимент берешегін ерікті түрде өтеу қажеттігі жөнінде бірнеше хабар жіберілгеніне қарамастан, ол қарызды өтеу бағытында ешқандай әрекет жасамаған.
Сондай-ақ сот борышкердің жүргізуші куәлігін жұмысқа орналасу және қарызын өтеу мүмкіндігі ретінде пайдаланбағанын атап өтті. Бұл жағдай алимент өндіру туралы 2025 жылғы 23 сәуірдегі сот бұйрығы шығарылғанға дейін де, ол заңды күшіне енгеннен кейін де қайталанған. Нәтижесінде жеке сот орындаушысының ұсынысы қабылданып, борышкердің алимент бойынша берешегі толық өтелгенше жүргізуші куәлігінің қолданысы уақытша тоқтатылды.
Пікірлер