
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сархат Бейсенова "Қазақстанда қызылша бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы" қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде елде қызылша ауруының өсуі тіркеліп отырғанын мәлімдеді. 2026 жылдың басынан бері 3343 жағдай тіркелген, оның 84,2%-ы (2816 жағдай) – 14 жасқа дейінгі балалар.
Ауырғандардың 77,6%-ы (2594) – екпе алмаған балалар: вакцинациядан бас тарту себепті – 1448, медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты – 325, екпе жасына жетпегендіктен – 778, өзге себептермен – 43. Ал 11,9% жағдайда (398) науқастардың екпе мәртебесі белгісіз, – деп мәлімдеді ведомстводан.
Осыған байланысты эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің тиісті қаулысы қабылданды.
Құжатқа сәйкес, қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы иммундау ауқымы кеңейтіледі:
- 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар – жағдай тұрақталғанға дейін;
- Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес егілмеген 2-5 жас және 7-18 жас аралығындағы балалар – қалпына келтіру иммундауы шеңберінде;
- 30 жасқа дейінгі, екпе алмаған немесе екпе туралы деректері жоқ медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері қамтылады.
Сонымен қатар балаларды жоспарлы түрде стационарға жатқызу талаптары күшейтілді.
Сондай-ақ облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының және көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшыларына мынадай міндеттер жүктелді:
- қызылша бойынша күнделікті эпидемиологиялық мониторинг жүргізу, сырқаттанушылықты екпе мәртебесі мен жас ерекшеліктері бойынша жинақтап талдау және зертханалық зерттеулерді қамтамасыз ету;
- әрбір қызылша жағдайына эпидемиологиялық тексеру жүргізу және инфекция ошақтарын зерделеу, олардың шекарасын анықтау, жұқпа көзін және байланыста болған адамдарды айқындау, олардың қызылшаға қарсы алған екпелері туралы мәліметтерді нақтылау;
- қызылшаға қарсы профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың жүргізілуін бақылау;
- мақсатты жастағы балаларды қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы профилактикалық екпемен қамтудың оңтайлы деңгейіне қол жеткізуді бақылау;
- мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау кезінде профилактикалық екпемен қамту деңгейінің кемінде 90% болуын қадағалау;
- вакциналарды жарамдылық мерзіміне сәйкес пайдалануын және негізсіз есептен шығарылуын бақылау;
- вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу талаптарының, сондай-ақ вакциналарды сақтау мен тасымалдау кезіндегі «суық тізбек» тәртібінің сақталуын бақылау.
Өз кезегінде облыстардың және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларының басшылары (келісім бойынша) мыналарды қамтамасыз етуге тиіс:
- мектепке дейінгі ұйымдардағы топтарда ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жоспарлы профилактикалық екпемен қамту деңгейін топтағы балалардың жалпы санының кемінде 90%-ына жеткізу;
- білім беру және мектепке дейінгі ұйымдарда «таңертеңгі сүзгі» жүргізіп, жедел респираторлық ауру немесе қызылша белгілері бар тәрбиеленушілерді, оқушыларды, педагогтер мен тәрбиешілерді кіргізбеу;
- қызылша жағдайлары тіркелген кезде екпе алмаған балаларды балабақшалар мен мектептерден уақытша шеттету;
- ата-аналар арасында иммундау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Қаулы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізілді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер