
Мал дәрігері, механизатор жетіспейді: Депутат ауылдардағы кадр тапшылығына алаңдаулы
Бір топ халық қалаулысы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында қазіргі жаһандық азық-түлік дағдарысы мен халық саны көбейіп жатқанда өзін-өзі қамтамасыз ету тұрақтылықтың бір бөлігі екенін атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауыл жұртының тұрмысы төмен бе?
Депутаттық сауалға қол қойғандардың ішінде Самат Мұсабаев, Темір Қырықбаев, Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков («AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері) бар. Ал ауылдарды аралап келген «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жигули Дайрабаев негізгі мәселерді рет-ретімен тізбеледі. Ол ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауын бағдар етіп, «Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті деп атап өткендігін мысал қылды.
– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Қазақстанның стратегиялық міндеті, ол отандық ауыл шаруашылығын дамыту, өнімді жеткізу логистикасын оңтайландыру және импортқа тәуелділікті азайту арқылы шешіледі. Тұрақты өндіріс пен сапалы өнім халықтың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі болуда. Бүгінде жаһандық азық-түлік дағдарысы мен халық санының өсуі жағдайында өзін-өзі қамтамасыз ету тәуелсіздік пен тұрақтылықтың маңызды факторына айналып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі болып саналады, – делінген ақпаратта.
Жигули Дайрабаев Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде жыл басында өңірлерге барып сайлаушылармен кездесу өткізіп, ауыл-аймақтардағы өзекті мәселелермен танысып қайтқанын алға тартты.
– Ауылдағы шаруалар агросектордағы ең өзекті әрі күрделі мәселенің бірі ретінде – кадр тапшылығын атап өтті. Әсіресе, малшы, сауыншы, механизатор, ветеринар, агроном, зоотехник секілді мамандардың жетіспеушілігі бар екенін жеткізді. Бұл жағдай ауылдық жерлердегі тұрмыс деңгейінің төмендігімен, еңбекақы мөлшерінің жеткіліксіздігімен және әлеуметтік қолдау тетігінің әлсіздігімен тікелей байланысты, – деді ол.
Кадр тапшылығынан қандай қауіп бар?
Аталған жүйелі мәселелер Жоғары аудиторлық палата есебінде де айқын көрініс тапқан көрінеді. Атап айтқанда, зейнетақы жарналары аударылмаған азаматтар санының айтарлықтай көп болуы назар аудартып отыр. Бұл жағдай еңбек заңнамасының
сақталу деңгейінде елеулі олқылықтар бар екенін көрсетеді. Мұндай үрдіс жұмыс берушілер тарапынан міндеттемелердің толық орындалмауы немесе бақылау тетіктерінің әлсіздігімен байланысты болуы мүмкін.
– Кадр тапшылығының болуы агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы саласына мамандарды тарту және оларды тұрақтандыру мақсатында кешенді әрі жүйелі өзгерістер енгізу қажет деп есептеймін. Бүгінгі таңға, Үкімет Қазақстан негізгі азық-түлік өнімдері бойынша толық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуді 2028 жылға дейін жоспарлап отыр. Менің есебім бойынша ауылдағы шаруалардың тарапынан көтеріп отырған кадрлық мәселесін толыққанды шешпей елімізді азық-түлік өнімдерімен 2028 жылға дейін өзін-өзі толық қамтамасыз етуге мүмкін емес деп санаймын, – деді депутат.
Осыған орай ол Жұманғариннен төмендегі мәселелерді шешуді сұрады:
1. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру мақсатында Үкімет тарапынан қосымша төлемдер қарастырып, жергілікті бюджет есебінен арнайы субсидиялау бағдарламасын енгізуді;
2. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтар үшін жеке табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеуді;
3. Аграрлық колледждер мен жоғары оқу орындарында мақсатты гранттар санын ұлғайтып, шәкіртақы көлемін арттыруды ұсынды.
Фото: Orda.kz
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер