A+ A A-

talgatzhan 42 Бүгін, 10:25 0

Алтай ауданында жол жөндеуге 600 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді

Бүгін / Алтай

Осыдан бес жыл бұрын республикалық басылымдардың бірінде аталған ауданда тұрғындар саны кеміп, кәсіп ашқысы келетіндер кейін бизнесім алға баспауы мүмкін деген күдікпен тәуекелген бармайтыны және басқа да мәселелер қамтылған мақала шыққан еді. Халық саны кеміген ауылдар облыс көлемінде аз емес, өкінішке қарай. Алтай ауданында 63 000 тұрғын бар екен. Жуықта Өскеменде өткен брифингіде аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы жұрт тұрмысы жүдеу тартпас үшін нендей жұмыс атқарылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өнеркәсіпте өрлеу байқалады

Біршама бағытта өсім бар көрінеді. Айталық, Серебрянск қаласында «Алтайская форель» ЖШС форель шабақтарын өсіретін жаңа зауыт құрылысын жүргізіп жатыр. Ал Ермаковка ауылы аумағындағы «Гранд Фиш» кәсіпорны 2029 жылға қарай өндіріс көлемін 1200 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаған. Сонымен қатар аудан аумағында үш шағын су электр станциясын салу көзделуде.

– «Бұқтырма Цемент Компаниясы» өндірісті жаңғыртуға 3 млрд теңге инвестиция салып, цемент өндірудің заманауи құрғақ тәсіліне көшуді жоспарлауда. Сонымен қатар, «Фаворит» ЖШС жануы қиын фанера өндіру желісін іске қосуға дайындық жүргізуде. Жоба құны – 485 млн теңге. Өндірісті іске қосу 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған, – деді Жанна Асқарқызы.

Сонымен қатар, тау-кен және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында қазір Малеевск, Никольск және Чапаев ауылдық округтерінде полиметалл кендерін барлау жұмыстары жүргізілуде. Әкімнің орынбасары ауданда сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Мәселен, Полянское ауылында «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС 1075 басқа арналған заманауи тауарлы-сүт фермасын іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 1000 л сүт өткізуде.

– Тағы 5 ірі шаруашылық жаңа сүт фермаларын салуға дайындық жұмыстарын бастады. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі 31 млрд теңгеге жетті. Бұл бастамалар нәтижесінде 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, сүт өндірісі жылына 23 мың тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 5765 гектар жер қайтарылды, – деді Жанна Асқарқызы.

 

Аманат орындалып жатыр ма?

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданда бірнеше жоба қаржыландырылған. Өткен жылы сегіз жоба субсидияланып, алты жобаға мемлекеттік кепілдік берілді. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға гранттар да табысталған. Жыл басталғалы ауданда 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, жоспар 154 пайызға орындалған. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында арнайы салық режимі бойынша мөлшерлеме 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді.

Соңғы екі жылда туризм саласынан аудан бюджетіне түсетін салық көлемі алты есеге өскен. Егер 2023 жылы бұл көрсеткіш 68 млн теңге болса, 2025 жылы 431 млн теңгеге жеткен. Аудан басшысының орынбасары Жанна Асқарқызының сөзінше, туризмді дамытуға арналған кешенді жоспар қабылданып, соның аясында бірнеше жоба қолға алынған.

– Біріншісі – «Тенар» ЖК. Бұл – Алтай қаласы маңындағы Өрел тауында қысқы спорт түрлеріне арналған кешен салу жобасы. Инвестиция көлемі – 300 млн теңге. Ұзындығы 2,4 км болатын екі аспалы жол қарастырылған. 200 млн теңгеге Бұқтырма су қоймасы жағалауында «Орлан» демалыс базасының құрылысы басталмақ. Ал «Мелада» демалыс базасын қайта жаңғырту аясында 300 млн теңгеге пирс құрылысы аяқталуда, – деді орынбасар.

Одан бөлек, Северное ауылындағы Кировский тұрғын үй алабында «Алтай аңыздары» атты ат спорты клубын ұйымдастырды. Қазір қонақүй кешенінің, қарда жүретін көліктерге арналған автотұрақтың, бассейннің, мейрамхана мен балалар алаңының құрылысы жүргізілуде. Тағы бір жеке кәсіпкер Бұқтырма станциясындағы «Пристань» жол бойы кешенін сатып алды. Оның негізінде «Бұқтырма-Арена» атты жаңа туристік жобаны дамыту жоспарлануда. Жалпы, аудан бойынша туризм саласында 2029 жылға дейін инвестиция көлемі 3,1 млрд теңге болатын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бүгінде ауданда 1359 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осыған байланысты бірнеше құрылыс жобасы қолға алынған. Мәселен, Жаңа Бұқтырма кентінде жалпы аумағы 9173 шаршы метр болатын екі 5 қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгеден асады.

– Сонымен қатар, Алтай қаласы, Астана көшесі, 42 мекенжайында 36 пәтерлі, 3 қабатты тұрғын үй салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Серебрянск қаласындағы бұрынғы жатақхана көпқабатты тұрғын үйге айналдырылып жатыр. Ал Жаңа Бұқтырма кентінде жеке инвесторлар екі бес қабатты үй құрылысын жүргізуде, – деді Жанна Асқарова.

 

Жол жөндеуге бөлінген қаржы

Әкімдік ақпаратынша, жол жөндеуге 600 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның негізінде биыл Алтай және Серебрянск қалаларының, Феклистовка, Никольское, Соловьево ауылдарының, Октябрьский және Жаңа Бұқтырма кенттері көшелерін жөндеу жоспарланып отыр. Былтыр «Өскемен – Рахман қайнарлары» автожолының Осинов асуындағы учаскелерін (56-72 км және 72-88 км) қайта жаңғырту, жалпы ұзындығы 76 шақырым болатын республикалық маңызы бар автожолға (110-214 км учаскелері) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген еді.

– «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Зубовск кентіндегі Усть-Березовская, Дамбовая көшелері мен Дубинин тұйығына ұзындығы 1,5 шақырым болатын орташа жөндеуден өтті. Алтай қаласында жолдарға, аулаларға және тротуарларға ағымдағы және орташа жөндеу жүргізіліп, оған 385,3 млн теңге жұмсалды. Серебрянск қаласы көшелерінде 20 млн теңге көлеміндегі қаражатқа шұңқырларды жөндеу жүргізілді, – деді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы.

Анықталғандай, Никольск, Чиркаин, Соловьево, Маяк, Подорленок, Чапаево, Тұрғысын ауылдарының, Жаңа Бұқтырма кенті жолдарына, сондай-ақ Бородино, Быково, Александровка, Ермаковка ауылдарына, Кировский және Быково ауылындағы су өткізу құрылғысы жөнделді.

– Осы жылы аудандық бюджет қаражаты есебінен жол жөндеуге 581,8 млн теңге қарастырылған. Алтай және Серебрянск қалаларының, Средигорное, Чиркаин, Феклистовка, Никольское, Соловьево ауылдарының, Октябрьский және Жаңа Бұқтырма кенттері көшелерін жөндеу жоспарланып отыр, – деді аудан басшысының орынбасары.

 

Аспаздар мен «Алтын белгіге» үміткерлер

Соңғы екі жылда Алтай қаласындағы №9 орта мектеп пен Серебрянск қаласындағы Инюшин атындағы №1 мектеп тірек мектептер қатарына енген. Бұл білім ордалары «Қазақстан халқына» қоры аясында толықтай жаңартылған материалдық-техникалық базаға ие болды. Мектептерде робототехника кабинеттері, STEM зертханалары, телестудиялар және заманауи физика-химия кабинеттері ашылған.

– Биыл ауданда 6839 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 36 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Алтай қаласындағы №7 мектеп STEAM бағытындағы жұмыстарымен ерекшеленіп отыр. Оқушылар халықаралық робототехника және дрон жарыстарында жүлделі орындар иеленуде, – деді Жанна Асқарқызы.

Ауданда 33 оқушы кәсіптік білім алған. Олар 2025 жылдың қыркүйегінен бастап «Колледж – Мектеп» эксперименттік жобасы аясында аудандағы технологиялық колледжде оқыды. 15 оқушы «Электр-газбен дәнекерлеуші» мамандығы бойынша, 18 оқушы «Аспаз» мамандығы бойынша білімін толықтырды.

– Биыл балалар 11 сыныпты тәмамдап отыр. 2026 жылдың қаңтарында олар мемлекеттік үлгідегі диплом алып, алғашқы жұмысшы біліктілігін иеленді. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Алтай ауданы мектептерінің 9-11 сыныптарындағы 122 оқушы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жанындағы Желілік инженерлік мектепте математика, физика және информатика бағыттары бойынша білім алуда. Желілік инженерлік мектептің үздік 3 түлегі аталған жоғары оқу орнына түскен жағдайда оқыған пәндерін автоматты түрде есепке алуға мүмкіндік беретін сертификаттарға ие болады, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Мәлім болғандай, 2025-2026 оқу жылына дайындық аясында 19 білім беру мекемесінде 24 жоба бойынша жөндеу жүргізіліп, оған 161 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ал 2026 жылдың жаз мезгілінде 158 млн теңгеге 12 жөндеу жобасы іске асырылады. Денсаулық саласына келсек, қазір ауданда 13 дәрігер жетіспейді. Әсіресе, кардиолог, офтальмолог, анестезиолог-реаниматолог мамандарына сұраныс жоғары. Дегенмен медициналық көрсеткіштерде оң өзгерістер байқалады. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ауданда ана мен сәби өлімі тіркелген жоқ. Қатерлі ісік аурулары 33 пайызға, туберкулез 65 пайызға төмендеген. Стационарда 1745 науқас ем қабылдаған.

Жанна Асқарқызы аудандағы демографиялық ахуал да тұрақталып келетінін жеткізді. 

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив