A+ A A-

talgatzhan 11 Бүгін, 17:50 0

Өскеменде сенбіліктер жиі өткізілсе де, шашылған қоқыс неге көп?

Бүгін / Өскемен

Өскеменде көктемгі тазалық науқаны басталды. Шаһардың түкпір-түкпірінде өткен ауқымды сенбілікке мыңдаған тұрғын қатысып, аулалар мен көшелерді қоқыстан тазартып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алайда осындай акциялар қаланы шынымен өзгерте ала ма? Кейбірі басшылық нұсқауымен ғана қолына тырнауыш пен күрегін алса, кейбірі төңірек жинақы болсын деп білек сыбана кіріседі. Көктем туа сенбіліктерге кезек жеткенде, халық белсенділігі мен тазалық тақырыбын журналист Санат Тоқтарұлынан біліп көрдік.

Бұл жолғы сенбілік соңғы уақыттағы ең ірі шаралардың бірі болды. Тұрғындар өз үйлерінің маңын, саябақтар мен қоғамдық орындарды ретке келтірді. Ортақ мақсат – қаланы жайлы, жинақы ету. Десе де, жыл сайын тонналап қоқыс шығарылғанымен, мәселе түпкілікті шешіліп жатқан жоқ.

 «Ешкім жоқта, қоқысты бұта арасына тыға салу оңай»

Журналист Санат Тоқтарұлының айтуынша, қала тазалығы – тек әкімдік жұмысы емес, бірінші кезекте әр тұрғын мәдениетіне байланысты.

– Қоқыс мәселесі барлық жерде бар. Бірақ Өскемен туралы айтсақ, бізде адамдардың әлі «еті үйренбеген». Қолындағы қоқысты арнайы жәшікке дейін апару немесе жәшік табылғанша қалтасына сала тұру деген түсінік жоқ. Көбінде қалай жасайды? Жан-жағына қарайды, ешкім байқамай тұрғанына, камера жоқтығына көз жеткізеді де, қолындағысын білдіртпей, бұталар арасына немесе таса жерге лақтыра салады. Міне, бүкіл «мәдениетіміз» осы жерде көрінеді, – дейді ол.

Оның пікірінше, қала жылдан-жылға қоқысқа батып барады. Бұл тек тазалықшылар мәселесі емес, осы қалада тұрып жатқан халықтың өз кінәсі.

«20 пайыз жинайды, 80 пайыз шашады»

«Неліктен сенбіліктер көп болса да, көшелер әлі лас?» деген сұраққа Санат өте қарапайым мысал келтірді:

– Адамның ішкі мәдениеті өзгермейінше, қанша жерден акция өткізсең де бәрі бекер. Мысалы, 100 адамның 20-сы ғана «қоқыс тастау - ұят тірлік» деп түсінсе, ал қалған 80-і ештеңе ойламастан шаша берсе, қала тазара ма? Әрине, жоқ. Сенбілікте тазартқан жер тек уақытша ғана жылтырап тұрады. Әлгі 80 пайыз жұрт ертеңіне-ақ қайтадан бөтелкесі мен фантигін тастай бастайды. Сөйтіп, бәрі шеңбер бойымен қайталана береді, – деді журналист.

Оның сөзінше, қазір аяқ астында ең көп жататын қоқыс - полиэтилен пакеттер мен сусындардың құтысы.

Бәрі тәрбиеден басталады

Тазалыққа тек билік қана емес, кәсіпкерлер де жауапты болуы керек. Кәсіп иелері өз дүкенінің немесе кеңсесінің алдын реттесе, билік қоқысты уақытылы шығаруды қадағалауы тиіс. Бірақ ең бастысы - отбасылық тәрбие.

– Мысал келтірсек, мен өзім таза жүруді қайдан үйрендім? Бәрі бала кезден басталады. Ата-әжеміздің «жерге тастама, ұят болады» деген сөзі, мектептегі сенбіліктер, үйдегі жинастыру – осының бәрі санамызға сіңіп қалған. Егер әкесі баласының көзінше темекісінің қалдығын жерге тастай салса, ол баладан ертең қандай экомәдениет күтеміз? – деп түйіндеді Санат Тоқтарұлы.

Аяулым Сағиолда
Фото: Санат Тоқтарұлы

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив