
Күршімдік Әйгерім Тоқтарова қол күрес пен арқан тартыста қатар топ жарып жүр
Қазір жазғалы отырған кейіпкерімізді былтыр Риддердегі ауқымды жарыс кезінде байқаған едік. Содан алда келе жатқан нәзік жандылар мерекесі қарсаңында әңгімеге тартып, оқырманға толығырақ мәлімет ұсынуды жөн көрдік. Күршім ауданының тумасы Әйгерім Тоқтарова армрестлинг спортында біршама биікті бағындырған бұрымды. Ол онымен қоса, арқан тартыс бәсекелерінде де біраз жүлдені еншілеген. Төзім мен күшті талап ететін қос спортты қатар алып жүру, оның қиындығы мен пайдасын өзі асықпай әңгімелеп берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Әйгерім, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қай ауылдың тумасысыз?
– 1993-ші жылы Күршім ауданына қарасты Ақсуат ауылында өмірге келдім. Арада бір жыл өткенде Ұлан ауданының Сағыр ауылына қоныс аудардық. Сондағы А.С.Пушкин атындағы орта мектебінде 11-ші сыныпқа дейін білім алдым.
– Сағырда қандай спортқа басымдық берілген? Қол күреске қызығушылық қалай пайда болды?
– Ат спорты түрлері жұрт арасында ерекше беделге ие. Жастары аудан көлемінде волейбол спортынан үнемі жүлде алып жүретін. Өзім армрестлингке алғаш 4-ші сыныпта ден қойдым. Тұңғыш қатысқан жарысымда 2-ші орын алғаным есімде. Қатты қуанған едім. Бапкерім де риза болып, «қол күреске жасаған қадамың сенімді екен» деп арқамнан қақты.
– Бірі күрестегі Жақсылық Үшкемпіровке, бірі бокстағы Бекзат Саттархановқа, енді бірі футболдағы Роналдуға еліктеп жатады. Өзіңіз бой түзеп, үлгі тұтар спортшы бар ма?
– Шынымды айтсам, ондай болмады. Иә, әр спорттың аңызға айналған тұлғалары жетерлік. Бірақ мен бапкер берген бағыт пен жүрек қалауымнан жаңылмай, үнемі тыңғылықты дайындық жүргізуге тырысатынмын. Кейде қатты шаршаймыз, жүктеме көбейеді. Бірақ адам қалжырай бастағанда іште мінез оянады екен. Оған қоса, ауылда өскеніміз бар, қиындықтар кездессе, сағымыз сына қоймайды.
– Жалпы, қол күреске қалай келдіңіз? Алғашқы бапкеріңіз кім?
– Армрестлингке 10 жасымда, сыныптасыммен бірге келдім Темір-терсек көтеріп, әрлі-берлі тартып жатқан тәжірибелі спортшыларды көргенде іштей таңырқаған едік. Үйдің бітпейтін күйбеңі әбден шынықтырған болуы керек, қол күресін жатсына қоймадым. Сонда Эрик Исин деген ағайымыз армрестлинг әліппесімен таныстырып, томағамызды сыпырды.
– Қыз бала үшін армрестлинг қаншалықты қиын?
– Кез келген спорттың күрделі жағы бар. Бірақ жаттықтырушым мықты болғаннан ба, қиындығын көп байқамадық. Содан шығар, бірінші қатысқан жарысымда-ақ 2-ші орынға ие болдым. Ол кезде 28 келіге дейінгі салмақта бақ сынадым. Негізі Күршім де, Ұлан ауданында да осы спорт түрінен бәсекелестік жоғары. Ал Сағыр ауылында мені жаттықтырған Эрик Исиннің жетекшілігімен республика, Азия, Әлем чемпиондары шықты. Өзім сол кездері республикалық жарыстарда жүлде алып, «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындадым.
– Есейген сайын адамның салмағы өседі. Спортшы үшін ол да маңызды. Жарыс алдында жиі салмақ түсіретін бе едіңіз? Қыз баласына қиын болған шығар?
– Иә, сайыс кезінде өз салмақ дәрежеме сәйкесу үшін біраз тер төгетінбіз. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, әуре-сарсаңы да бар. Тамаққа келгенде байқау қажет. Әдетте, армрестлингпен айналысатын адам ағзада суды ұстайтын, калориясы жоғары, тез көмірсу беретін тағамдардан бас тартады. Ұн өнімдері, тәтті, газдалған сусын дегенді татып алмаймыз.
– Жаттығу барысында, жарыс кезінде ата-ана қолдауын қалай сезіндіңіз? Нәзік жандылардың көбі гимнастика, волейбол, кейбірі музыка бағытын таңдап жатқанда, сіздің қиын спортпен шұғылданып жүргеніңізге қарсы болмады ма?
– Жоқ. Қайта әкем мен анамның жігер беріп, тілекші болатыны алға жетелеп тұратын. Осыдан шығар, жаттығуда барымды салып, жарыс сайын нәтижемді жақсарта беруге тырыстым. Олар ешқашан сәтсіздігіме ренжіп, «осы спортты неге таңдадың, қызым?» деп сұраған емес. Біздің әулетте қол күреспен мен ғана айналыстым.
– Қол күрестің өзге спорт түрлерінен ерекшелігі неде?
– Мұнда жылдамдықтың орын бөлек. Басқа спорт түрлерінен айрықшалайтын тұсы да осы деп ойлаймын. Төреші белгісінен соң қас-қағым сәт кідірсең, қарсыласың қапыда қалдырады. Жеңген адам секундтар ішінде анықталады. Тағы бір айтарым, ұту үшін күш пен жылдамдық қана емес, спортшыға тән рух керек.
– Қыздар жиі жарақат ала ма?
– Жаттығу кезінде осыған ұрынбауға қатты мән береміз. Өз басым жарақат алған қыздарды көрмедім. Мүмкін кейбірі жарыстан соң бұлшық ет ауырғанын сезетін шығар.
– Армрестлингтен бөлек, арқан тартысқа да қатысасыз. Оған қалай келдіңіз?
– Шығыс Қазақстан облысының арқан тартыстан ерлер командасы 2024 жылы халықаралық көшпенділер ойынында өнер көрсетіп, жүлделі 2-ші орынға ие болды. Аталған жарыста Астана қыздар командасы да өнер көрсетті. Сол қыздарға қарап, «неге маған да айналысып көрмеске?» деп, облыстың аға бапкері Ерлан Уалиевқа жаттығуға келдім. Қазір Шығыс Қазақстан облысының қыздар командасы республика бойынша 1-ші орында тұр.
– Бұл спортқа армрестлингтен бөлек уақыт арнайсыз ба сонда? Арқан тартумен айналысатын спортшының жаттығуы қалай өтеді?
– Иә, арқан тартысқа дайындық ең алдымен командамен бірдей ойлап, бірдей қимыл қалыптастырудан басталады. Жаттығу кезінде спортшылар тек күш жинап қоймай, үйлесімділік пен ырғақты дамытады. Күшті үнемдеп, біраз тірескен соң тез шаршап қалмаудың кілтін іздейміз. Қазір өңірлере бұл спорт жақсы дамып жатыр. Бізге де әзірлікті әлсіретпеу керек.
– Сіз былтыр Риддер қаласында тұңғыш ұйымдастырылған республикалық «Ата Мұра» ұлттық ойындарында ерлер командасы арасында өнер көрсеттіңіз. Азаматтардың арасында жалғыз бұрымдыға арқан тарту қиын болмады ма? Сізге қатыс деген ұсыныс қалай жасалды?
– Әрине қиынға түсті. Негізі менен басқа Мөлдір есімді тағы бір қыз қатысты. Ол тізбек соңында тұрып, зәкір (якорь) қызметін атқарды. Ер адамдар мықты ғой. Дегенмен біз де барымызды салдық. Командадағы салмақ 720 келіден аспауы тиіс болған соң салмағы жеңіл спортшы қажет болды. Менің салмағым – 50 келі. Бапкерім шақырғанда, көп ойланбастан келістім. Дайындық кезінде тек шөп емес, құмда да арқан тарттық. Сол жарыста біздің команда орын алмағанымен, «Шығыс 2» жігіттері жүлдегер үштігін түйіндеді.
– Қол күрес пен арқан тартысты қатар алып жүру ауыр емес пе?
– Ол жағы сезіледі. Дегенмен дұрыс жоспарласа, оны да үйлестіруге болады. Екі спорттың ұқсас жерлері аз емес. Темір көтеру, жеңіске әдіс-айла іздеу, қимылды икемдеу сияқты тұстар бағытымызды айқындап тұр.
– Осы уақытқа шейін қол күрес пен арқан тартыстан қандай жетістіктерге жеттіңіз?
– Армрестлингтен облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардын жүлдегері әрі жеңімпазымын, «Спорт шеберімін». Арқан тартыста облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жеңімпаз болдық.
– Жұбайыңыз да қол күресінен бапкер. Ерлі-зайыпты болып, осы спорттың қыр-сырын бірге талқылайтын шығарсыздар?
– Иә (жымиып). Ол бапкер ретінде ой білдірсе, мен әлі жарыстарға қатысып жүрген спортшы ретінде ұсыныстар айтамын. Әу баста танысып, сезім қылы жалғана бастағанда да спорт арқылы тез түсіністік деуге болады.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Қатысатын жарыстар көп. Республикалық, халықаралық сайыстарға іріктеулер басталады. Қазір бәсекелестік қызып жатыр қай спортты алсақ та. Босаңсуға болмайды. Арқан тартыс әр аймақта алға жылжып келеді.
– Балаларыңыз осы бағытты таңдаса, қарсы болмайсыз ба?
– Жоқ, қайта ол үшін тақым қысамын. Армрестлинг аймаққа таңсық спорт емес. Біздегі облыс чемпионатының өзі небір мықтылардың басын қосады. Ұл-қыздарымыз солардың ішінде іріктеліп шықса, ауқымды сайыстарда жүлдесіз қалмас.
– Әйгерім, әңгімеңізді тыңдап, таңдаған спортыңызда әлі де биік шыңдарға шығатыныңызға көз жеткізгендейміз. Алдағы бәсекелерде тек сәттілік! 8-ші наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, барша нәзік жандыға жылы лебіз білдіре кетсеңіз...
– Құрметті ақ жаулықты әжелер, аналар, апай-сіңлілер. Сіздерді келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Дәл осы күні гүлдей жайнап, ерекше құлпырып, баршаңыздың көңіл көктеміңіз көркейе берсін! Жүректеріңізге жылылық пен махаббат ұялап, бақыт мекеніне мәңгілік тұрақтаңыздар.
– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
– Сіздерге де рахмет. Аман-сау болыңыздар!
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттер спортшының жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер