Іс-шара заманауи технологияларды көпшілікке таныстыруға бағытталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көрме екі форматта өтті. «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығындағы ашық алаңда ШҚО Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техникасы ұсынылды. Ал ғимарат ішінде цифрлық жобалардың негізгі экспозициясы орналасты.
Келушілер назарына «цифрлық полицейдің» жабдықтары, онлайн-трансляция жүргізетін ұшқышсыз ұшу аппараттары, жүргізушісіз автокөлік және «Транстелеком» компаниясының цифрлық шешімдері ұсынылды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, цифрландыру — өңір дамуының негізгі бағыттарының бірі.
– Бүгінде цифрландыру — жай ғана тренд емес, өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі. Технологиялар адам өмірін сақтауға, қызметтердің тиімділігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Біздің міндет — осы шешімдерді кеңінен енгізіп, әр тұрғынға қолжетімді ету, – деді аймақ басшысы.
Көрме аясында жасанды интеллект негізіндегі жобалар да таныстырылды. ШҚТУ Басқарма мүшесі, стратегиялық даму жөніндегі проректоры Ұлан Нәсіпқалиевтің сөзінше, іс-шараның басты мақсаты — қала тұрғындарына жаңа технологиялардың мүмкіндігін көрсету.
– Биыл елде цифрландыру мен жасанды интеллектке ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты Наурыз мейрамы аясында «Digital Nauryz 2026» көрмесін ұйымдастырдық. Келушілерге студенттер жасаған «Айсанa» роботы таныстырылды. Ол сұрақтарға жауап бере алады. Сонымен қатар «Наурызбай» және «Наурызай» атты ақпараттық роботтар, виртуалды тур жобасы және жасанды интеллект арқылы басқарылатын жүргізушісіз автокөлік ұсынылды, – деді ол.
Ал «Транстелеком» АҚ өкілі Ернар Кусаинов өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
– Компания білім беру ұйымдарын кешенді қауіпсіздік жүйелерімен, интеллектуалды бейнебақылаумен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар шалғай елдімекендерді спутниктік байланыс арқылы интернетке қосу жобалары іске асырылуда. Негізгі мақсат — өңірдің цифрлық әлеуетін арттырып, халыққа сапалы қызметтерді қолжетімді ету, – деді ол.
Айта кетейік, көрме барысында қала тұрғындары жаңа технологиялармен танысып, олардың күнделікті өмірде қалай қолданылатынын көре алды.
Пікірлер