Бүгін Б.Александров атындағы спорт сарайында Шығыс Қазақстан облысының қала және аудан командалары арасында шайбалы хоккейден турнирдің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – өңірде шайбалы хоккейді дамыту, спортқа қызығушылығы бар жасөспірімдерді қолдау және болашағынан үміт күттіретін талантты ойыншыларды анықтау. Турнирге 2015–2016 жылы туған оқушылар қатысуда.
– Хоккей – біздің өңірдің мақтанышы. Дәл осы жерде көптеген мықты спортшыларды тәрбиелеген әйгілі «Торпедо» клубы құрылған. Жуырда ғана жас хоккейшілеріміз Канадада өткен халықаралық турнирде Қазақстан намысын абыроймен қорғап қайтты. Олардың қатарында «Торпедо» ойыншылары да бар. Бұл – баршамыз үшін үлкен жетістік. Бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік, тартысты ойын және жарқын эмоциялар тілеймін, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Алғашқы ойында Риддер мен Өскемен қаласының командалары кездесті. Бірінші кезеңде Риддер командасының шабуылшысы есеп ашқанымен, екінші кезеңнің басында Өскемен құрамасы екі шайба соғып, алға шықты. Үшінші кезең қорытындысы бойынша Өскемен командасы 5:2 есебімен жеңіске жетті.
Көрермен де ойыншыларға ерекше қолдау көрсетті. «Торпедо, алға!», «Өскемен, алға бас!» деген ұрандар залдың рухын көтерді.
– Хоккейді өте жақсы көремін, «Торпедоның» жанкүйерімін. Бүгін Өскемен командасына қолдау білдіріп отырмын. Ойын өте тартысты өтіп жатыр, Риддер де жақсы ойнайды. Дегенмен Өскемен жеңеді деп сенемін, – деді қала тұрғыны Галиса Щербенко.
Екі күнге созылатын турнир қорытындысы бойынша үздік командалар естелік кубоктармен, дипломдармен және медальдармен марапатталады.
Пікірлер