Қаладағы Әлия Молдағұлова көшесі 17/1 мекенжайының тұрғындары қоғамдық көлік моторы гүрілдейтін аялдама маңын әдепкі қарбаластан арылтып, ән айтылып, ұлттық ойындар жалғасқан ортаға айналдырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жер-жерде ұлттық мереке қарбаласы сап тыйылып, жұрт бірқалыпты демалысқа көшкен. Бірақ бар назар наурыздың 22-сі шаһар орталығына ауған шақпен шиеленістірмейік деп, кейбірі тойды кейінге шегеріпті. Қазақтың мерген қызының аты берілген көшеде думанды шақ бүгін ұйымдастырылды. Осы жақтың қарттары қазір мұндағы жұрт қарасы 3,5 мың адам айналасында деді. Мейрамды атап өтеміз деген бастама биыл үшінші рет қолдау тапты.
– Бабаларымыз ғасырлар бойы тойлап келген мерекені халық болып біз де қолға алдық. Халық шамасы жеткенше ақшасын қосып, ортақ қор аштық. Дастархан жаюды жөн көрдік. Мұның мақсаты сол, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу. Жастар көріп, «халқымызда осындай той бар екен», «осы арқылы жұрт бір-біріне сыйластық танытады» деген ой қалыптастырғымыз келді. Қазір қала тұрғындарының бір жаманы, көрші көршісін танымайды. Олай болмауы керек. Қазақта «көршіні құдай қосады» деген бар. Бүгінгі шарамыз – берекенің бастауы, – деді осы көшенің тұрғыны, облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сабыр Оспанов.
Бұл күні әдеттегідей іргеде сахна құрылып, ақшаңқан киіз үйлер жанында қазан көтерілді. Келімді-кетімді адам Наурыз көжеден дәм татып, бір-бірімен шұрқырасып табысты. Көпшілік жиналып, барлығы дайын болды дегенде біртіндеп концерттік нөмірлерге кезек жетті. Ал бұл аралықта қала әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев сөз алып, шаһар басшысы Алмат Ақышовтың ыстық сәлемін жеткізді.
– Биыл қаламызда әз-Наурыз ерекше өтіп жатыр деуге толық негіз бар. Сіздер де осындай ғажап мереке аясында үшінші жыл қатарынан жиналып отырсыздар. Береке-бірліктеріңізді көрсетіп, жастарға үлгі болдыңыздар. Бұны қаламыздың, еліміздің дамуына қосып жатқан үлестеріңіз деп білемін. Күні кеше Өскеменімізде рекорд орнағанын естіген боларсыздар. Сіздерді осы жайтпен де құттықтаймын, – деді әкімнің орынбасары.
Осы көшенің ақсақалы бата берген соң әндер әрі қарай шырқалды. Спорттық сайыстарға қатысамын деушілер біртіндеп тіркеле бастады. Гір гөтеру, қол күрес және тағы басқасы. Жаурыны тоқпақтай жігіттердің бірі бағанада байлауы тұрған қойды бәрінен көп көтеріп, алып кетуге бекінген. Қысқасы, 16 үйі бар мекенжай тұрғындары әз-Наурыздың нүктесін әдемі қойып, бәрі болмаса да, біршамасы сүбелі үлес қосты.
Асыл АЙТБАЕВ
Пікірлер