
Аманжолов университетінде 25 білім беру бағдарламасына қабылдау тоқтатылды
Өскемен ғалымдары соңғы жылдары бірнеше салада жемісті еңбек етіп, тың жаңалықтарымен жиі бөлісе бастады. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ жастары ауыл шаруашылығы саласында да көпшілік назарын аударып отыр. Ал білім ошағы басшылығы 13 оқу бағдарламасын мүлде алып тастап, сұраныс мол мамандықтарға қолдауды күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қандай мамандықтар ашылды?
Күні кеше Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева технологиялық өзгерістер мен саяси реформаларды жүзеге асыру жағдайында білім беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Оған қоса, жуықта экономиканың қажеттіліктерін анықтау мақсатында Үкімет кадрлық қамтамасыз ету мен білім беру бағдарламаларына ауқымды талдау жүргізілді. Шұғыл шешуді қажет ететін бірқатар проблема бары анықталды. Кадрлық мәселелер бойынша 73 мыңнан астам отандық кәсіпорынды қамтыған сауалнама жүргізіліп, білім беру бағдарламаларының жаңа талаптарға сәйкестігіне талдау жүргізілді. Министрдің сөзінше, өңірлердегі нақты кадр қажеттілігі мен мамандарды даярлау бағыттары арасында елеулі алшақтық бар. Демек, кей салада кадр тапшылығы туындауы мүмкін.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген министрдің білім беру бағдарламаларын оңтайландыру жөніндегі бастамасын қолдайтындарын жеткізді. Осы бойынша тиісті жұмысты қазірден бастап кеткен.
– 25 оқу бағдарламасы бойынша қабылдауды тоқтаттық. Ал 13 бағдарламаны мүлде алып тастадық. «Мамандығым – Болашағым» жобасына сәйкес, осы жұмыстарды рет-ретімен атқарып келеміз. Себебі, гранттар да ертең жұмыс табылатын мамандықтарға бөлінуі тиіс. Жалпы, гранттардың еңбек нарығына сәйкес бөлінгені орынды. Заман талабы сол, қазірдің өзінде біз гидроэкология, орман шаруашылығы, ядролық-физика, радиоэкология, робототехника, сондай-ақ жасанды интеллект сияқты жаңа мамандықтар аштық, – деді ректор.
Ал аталған университеттегі саяси академия департаментінің директоры Ержан Домалатовтың сөзінше, Мәдениет және ақпарат министрі ұсынған мәліметтерде әр саладағы цифрландыруға қатысты тұщымды деректер көп айтылды. Оған қоса, Аида Балаева ел көлемінде 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылып, жаңа басым бағыттар енгізілетінін мәлімдеді.
– Иә, кей мамандыққа шынымен сұраныс азайып кетті, кейбірі бір-біріне ұқсас. Бүгін оқытушылар жиналып, осыны өзара талқыға салып жатыр. Сұраныс бар мамандыққа күш салып, былтырдың өзінде біршама бағдарламаны жаптық. Биыл тағы он үш бағдарламаны жабу жоспарда бар. Бірақ мұндай жұмыстар асығыс-үсігіс жасалмауы қажет, – деді Ержан Домалатов.
Министр бөліскен мәлімет
Аманжолов университетінің әкімшілік ғимаратында өткен жиында Аида Балаева Zoom қосымшасы арқылы жиынға қосылып, өңірлердегі ахуалға, өзгерістерге икемделу мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның сөзінше, білім беру бағдарламаларындағы олқылықтар академиялық қадамның дұрыс жасалмауымен де байланысты. Сол үшін де өңірлер өзара тәжірибе алмасып отырулары қажет. Сосын дуальды оқытуға қатысты ескерту айтты.
– Елдегі оқу орындарының 90 пайызына жуығы дуальды оқытуды сырттай оқытудың баламасы ретінде көреді. Бұл қате түсінік. Сол үшін әрбіріңізден жақсылап талдау жүргізулеріңізді сұраймын. Дуальды оқыту деген сырттай оқытудың бір түрі емес. Бұл өз алдына жеке технология, – деді министр.
Алда үлкен өзгерістер болатыны бірнеше мысалмен айтылды. Оған қоса, қазір әр салада жасанды интеллект қолданылып жатыр. Мұхтар Әділбекұлының сөзінше, университетте бұл жағы бірқалыпты іске асырылып келеді.
– Қазір студенттерге 50 минутқа дейін интернетті тегін қолдануға болады. Яғни, жатқақханада кешкі сағат 22:00-де автоматты түрде сөнеді. Жасанды интеллектінің мүмкіндігі бұл. Сабақ кестесін құру кезінде, физика, математика, химия пәндерінде, одан өзге, география бойынша нақты жер қыртысын зерттеу кезінде де қолданамыз, – деді ректор.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер