A+ A A-

talgatzhan 19 Кеше, 22:30 0

ШҚО ғалымдары су тазартатын сүзгі ойлап тапты

Бүгін / Өскемен

Қуатты станок пен шикізаттар, түтікше мен пішіні саналуан ыдыстар ізденістен талмайтын жігіттерге үздіксіз қажет. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 7-ші ғимараты ғылымға бет бұрған жастар мол жиналған жер. Жер-жерде экология алқымнан алғанда денсаулыққа пайдалы өнімдер мен заттардың көптен шығарылуы заңдылық сияқты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қор тарапынан қолдау

Біз айтып отырған құрылғы, яғни су тазартатын фильтр бір-екі жылда дайын болған дүние емес. Он жылдық табанды жұмыс жемісі. БАҚ өкілдері оқта-санда сонда барып, тың дүниелермен танысып қайтып жатады. Әр заттың өз ерекшелігі бар. Бірақ бұл жолғы жаңалық қоғам тарапынан қолдауды қажет ететін айрықша нәрсе ретінде көрінді. Жоба қалай іске асты, бұл заттың неден жасалғаны туралы аталған университеттегі ұлттық ғылым зертханасының жетекшісі Ақатан Қыдырмолла айтып берді.
– Осы жолы көпшілік қызығушылығын туғызып отырған өнім – су тазартатын сүзгі. Бұл соңғы он жыл көлемінде зерттеу жұмысының нәтижесі. 2023-25 жылдар аралығында Ғылым қорының қаржыландыруымен сүзгі өнімдерін шығару бойынша грант ұтқан болатынбыз. Коммерцияланған жоба ретінде үш жыл қаржылай қолдауға ие болдық. Біз әзірлеген зат ел көлемінде танымал Аквафор су тазартқышына ұқсас, яғни үш сатылы. Ерекшелігі сол, сүзгі элементтерін өзіміз әзірледік. Яғни, мұның шикізаты ауыл шаруашылығы қалдықтары және өсімдік биомассаларынан көміртекті сілтілеп аламыз. Осы арқылы суды тазарту дәрежесін жоғарылатамыз, – деді зертхана жетекшісі.

Сәуірде сатылымға шыға ма?

Бұлардан бөлек, құрамына көміртегі бар инновациялық материалдар да қосылатын көрінеді. Осы арқылы су құрамы ластанбайды. Химиялық түрлендіруден өткен соң фильтрлеуші элементтер әзірленеді. Бұған дейін Ғылым қоры бөлген грант есебінен өндірістік цехқа қажет жолақтар сатып алынған болатын. Ақатан Қыдырмолла ізінше пластиктерден фильтрдің сыртқы қорабы дайындалып, жұмыс нобайы одан әрі байқала түсетінін жеткізді. Қуанарлығы сол, шикізат іздеп, алысқа тапсырыс берудің, шығындалудың қажеті жоқ. Бәрі жергілікті. Зертхана жетекшісі жоғарыда айтқандай, агроқалдықтарды дұрыс іске жаратса болды. 
– Мәселен, корпус шығаруға жұмсалатын полимерлік материалдар мұнай өнімдерінен жасалады. Ол өзіміздің Атырау өңірінде бар. Павлодар мен Шымкентте де жоқ емес. Қосымша өнім ретінде шығарылатын полиэтилендік түйіршіктер қолданылады. Сүзгінің өзін сертификаттаудан өткіздік. Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік сертификатына қол жеткізіп, Aqua Saf деген тауарлық белгі алдық. Жасалған өнім атауы осындай. Сосын сүзгі элементтерін әзірлейтін технологияны патенттедік. Барлығы осы университет меншігінде. Бұйырса, биылдан сатылымға шығарамыз. Көктем аяқталмай іске асуы мүмкін, – деді зертхана жетекшісі.
Ғалымдар жоғары оқу орнының бір корпусында жүріп, тағы бірнеше бағытта жаңалық ашулары әбден мүмкін. Жуықта тауарлық белгі алған сүзгі соның бір тармағы ғана. Жастар осы жолы өнім шығаруды біржақты етті. Әйтпесе полимерлік материалдар сияқты басқа да технологиялар аз емес. Ол үшін гүрілдеген станоктар мен өзге де құрылғылар түрлі жүктемедегі жұмысқа дайын. 

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив