Спорттық іс-шараның басты мақсаты – аутизм және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты ашылу рәсімінде спартакиаданың арнайы қонағы ретінде қатысқан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова балаларға жылы лебізін білдірді.
– Бұл жарыс балалар үшін өте маңызды. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді танымал спортшы.
Спартакиадаға қаладағы түзету және оңалту ұйымдарынан 9 команда қатысты. Атап айтқанда, «BLUE FOX», «Страна Чудес», «BASTAU», «Үлбі», «Асыл Мирас», «DEMEY»,«Мархабат» және «Домик логопеда».
Жарыс бағдарламасына командалық эстафета, 60 метрге жүгіру, арқан тарту секілді кезеңдер енгізілген.
«Niet Woman» әйелдер қауымдастығының төрағасы Алтынай Төлеуханның айтуынша, спартакиаданың негізгі міндеті – қоғамға ерекше балалар туралы ақпарат тарату.
– Бүгінгі іс-шара тек аутизмі бар балаларға ғана емес, сал ауруымен ауыратын балаларға да арналған. Осындай бастамалар арқылы біз қоғамда ерекше балалардың бар екенін көрсетіп, оларға деген дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыруды көздейміз. Бұл – күн сайын кішкентай болса да маңызды қадам жасап келе жатқан балалар мен олардың ата-аналарын қолдауға бағытталған бастама, – деді ол.
Дәл осындай игі істер ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді.
Пікірлер