A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 11:30 0

Табанды еңбегімен таң қалдырып келеді: зайсандық Қуаныш Қыдырпатша рекорд орнатып, әлемде атой салған азамат

Бүгін / Зайсан / Сұхбат / Спорт

Гір, зілтемір, жалпы темір көтеретін спортшылар әрекеті сырт көзге қиындыққа өрілмеген қимылдардан тұратындай көрінеді. Не бел, не белбеу кетеді деп оқыс қадамдар мен тәуекелдерге барып жатады. Зайсан ауданының тумасы Қуаныш Қыдырпатша туралы айтылып та, жазылып та жүр. Күнделікті жаттығуды үзбей, тәртіпке бағынған бір бөлек, жанкүйерін жарыс жолындағы жарқын сәттермен хабардар етіп отыру бір бөлек. Үлкен Қаратал ауылының тумасы шыңдарды бағындырып қана қоймай, әлеуметтік желі атаулыда да белсенді. Бұл туралы спортшының өзінен сұрадық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Сіз өмірде де, желіде де спорттағы қарбалас шақ пен шиеленісті мезеттерді бөлісіп отырасыз. Әңгіме әлқиссасын спортқа деген қызығушылық қалай пайда болды деген сұрақтан бастасақ...

– Қызығушылық бала кезден басталды. Алайда осы жолға нақты бет бұруыма ерекше бір оқиға себеп болды. Ауылда бірнеше жыл бұрын көрші Асан ағам ауласында түрлі темір құралдармен жаттығып жүретін. Мен сол гір тастарына қатты қызығатынмын. Бір күні қызығушылығымды жасыра алмай, өзім барып одан гірді сұрап алдым. Сол сәтте ол кісі: «Мә, осыны көтеріп, сен чемпион болшы» деген еді. Қарапайым ғана айтылған осы сөздер мен үшін үлкен мотивацияға айналып, жүрегімде ерекше сенім оятты. Алғаш рет қолыма гір ұстап көргенде, оның тек күш емес, үлкен төзімділік пен тәртіп талап ететінін түсіндім. Дәл осы қасиеттер мені баурап, гір спортын таңдауыма себеп болды.

 

– Білуімізше, бұл спортпен 2011 жылдан бері кәсіби түрде айналысып келесіз. Осы уақыттарда өзіңіз үшін қай сәттер қиын болды?

– Әлбетте, спорт жолы оңай емес. Ең қиын кезеңдер – жарақат алған сәттер мен жарыстарда сәтсіздік тіркелгенде сезіледі. Кейде дайындық жақсы болғанымен, нәтиже көңілден шықпай жатады. Бірақ дәл осындай қиындықтар адамды шыңдайды.

 

– Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын Венгрия елінде гір көтеру спортынан әлем чемпионаты өткен болатын. «Сен тұр, мен атайын» деген мықтылар сонда ағылды. Сіз де бақ сынадыңыз. Сол жарыс несімен есте қалды?

– Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өткен Әлем чемпионаты мен үшін үлкен тәжірибе, әрі маңызды белеске айналды. Осы жарыста әлемнің ең мықты спортшыларымен бір алаңда өнер көрсету – әр спортшы үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік еді. Бәсеке барысында әр қарсыластың дайындығы, олардың техникасы мен төзімділігі жоғары деңгейде екенін анық сезіндім. Әсіресе чемпионат атмосферасы ерекше әсер қалдырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар, қиқулаған жанкүйерлер қолдауы, тартысты бәсеке – бәрі-бәрі маған ерекше күш-жігер берді. Әр сәтте өз еліңнің намысын қорғап тұрғаныңды сезіну – зор мақтаныш. Бұл чемпионатта мен бар күшімді салдым. Табандылық танытып, жоғары жетістікке қол жеткіздім. Соның нәтижесінде біз 2021 жылы Әлем чемпионы атанып, алтын жүлдені мойынға тақтық. Бұл жеңіс менің ғана емес, мені қолдаған бапкерлерімнің, отбасымның және еліме сенген барша жанның ортақ жеңісі деп білемін. Осы жетістік мені одан әрі шыңдап, алдағы жарыстарда бұдан да биік белестерді бағындыруға деген сенімімді арттырды.

 

– Қазіргі қарсыластарыңыздың деңгейі туралы не айта аласыз? Әр жарыс сайын қай елдің спортшылары ерекше әсер қалдырып келеді? Негізгі қарсыласыңыз деп кімді айтар едіңіз?

– Гір спорты жер-жерде өте жоғары деңгейде дамып келеді. Әсіресе,әлемде Қазақстан, Ресей, Украина елдері көш бастап тұр. Осы мемлекеттік спортшылары қай жарыстың болсын көркін қыздырады. Негізгі қарсылас деп нақты бір адамды айту қиын, себебі әр жарыста жаңа есімдер пайда болады.

– Өткен жылы 32 келілік гір тасын 188 рет жұлқа көтеріп, сегізінші рет ел чемпионы атаңдыңыз. Бұл әлбетте, айтулы нәтиже. Мұндай көрсеткішке жету үшін қандай дайындық қажет? Жарыс алдындағы әзірлігіңізді айта кетіңізші.

– Бұл – ұзақ жылғы табанды еңбек жемісі. Күнделікті жаттығу, дұрыс тамақтану, демалыс тәртібі – бәрі дерлік маңызды. Жарыс алдында арнайы жоспар бойынша дайындаламын: жүктемені біртіндеп арттырып, соңғы аптада ағзаны қалпына келтіруге мән беремін.

 

– Осыдан 5-6 жыл бұрын «ГАЗ-53» пен «ЗИЛ-130» көліктерін бір-біріне тіркеген күйі сүйреп, көпшілікті таңғалдырғаныңыз бар. Салмағы 8 тоннадан асып, рекорд тіркепсіз. Мұндай қадамға баруыңыздың себебі неде?

– Бұл тек күшті көрсету емес, ең алдымен жастарды спортқа қызықтыру мақсатында жасалған әрекет. Басты себебі сол, көпшілікке жігер беру, гір спортының мүмкіндіктерін көрсету. Сонымен қатар, бұл бастамалар карантин кезеңінде жүзеге асты. Індет асқынып тұрған уақытта ешқандай жарыстар өтпей, спортшылар үшін де, көрермен үшін де біршама қиын кезең болды. Халықты зеріктірмей, әлеуметтік желілер арқылы қызықты әрі пайдалы контент ұсыну мақсатында осындай ерекше жаттығулар мен рекордтық әрекеттерге бардық. Сол кездері жүк көліктерін ғана емес, үлкен автобусты да сүйреп, өз мүмкіндігімізді сынап көрдік. Бұл әрекеттер көпшілік қызығушылығын оятып, спортқа деген көзқарасты өзгертеді деп сендік. Нәтижесінде, осы бастамаларымыз көпке мотивация беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесін қосты.

 

– Қазір қанша шәкірт тәрбиелеп отырсыз? Жас спортшыларға ең бірінші қандай талап қоясыз?

– Болашағынан зор үміт күттіретін бірнеше шәкіртім бар. Олардың ішінде облыстық, республикалық, Азия және әлемдік додаларда топ жарып жүрген 20-дан аса шәкіртім бар. Жаттықтырушы ретінде мұның бәрі мен үшін мақтаныш әрі еңбегіміздің нәтижесі.

Шәкірттеріме қоятын ең басты талап – тәртіп пен еңбекқорлық. Себебі, спортта таланттан бұрын тынымсыз еңбек пен табандылық маңызды рөл атқарады. Қандай жетістікке жетсе де, қарапайымдылықты сақтап, үздіксіз ізденісте болу керектігін үнемі айтып отырамын оларға.

 

– Жалпы, гір спортының адамға қандай пайдасы бар?

– Бұл спорт адамның физикалық күшін ғана емес, рухани төзімділігін де дамытады. Жүрек-қан тамыр жүйесін нығайтып, шыдамдылықты арттырады және тәртіпке үйретеді. Дей тұрғанмен дене қыздырмай, апыл-ғұпыл қимылмен айналысып кетуге болмайды.

 

– Спортшы болмағанда, өзіңізді қай салада көрер едіңіз?

– Мүмкін дене шынықтыру мұғалімі немесе әскери адам болар едім. Себебі, тәртіп пен физикалық дайындық маған әрдайым жақын.

 

– Өміріңіздегі ең үлкен қолдау көрсеткен адам кім? Жарыста жеңілген сәттерде кімдер демеу болды?

– Қандай жағдай болсын қолдау көрсеткен жандар – ең алдымен әкем мен анам. Спортқа алғашқы қадам жасағанымда әкем бағыт-бағдар беріп тұрды. Ол кісі осы ауылдағы үйіміздің ауласына өз қолымен темірден турник, брусья жасап, шағын жаттығу алаңын құрып берді. Бұл жай әдемі, мықты етіп бір-біріне дәнекерленген темірлер емес, арманыма апарар алғашқы баспалдақ еді. Әкемнің маған деген сенімі мен қолдауы сол темір құралдар арқылы нақты іске айналып, мені күн сайын шыңдала түсуге жетеледі. Анам болса, әрдайым жанымнан табылып, рухани тірегіме айналды. Қандай сәтте де көңіліме сенім ұялатып, алға ұмтылуыма күш берді.

Жалпы, ата-анам мен жақындарым тек қуанышты кезде ғана емес, ең қиын, шешуші сәттерде де қасымнан табылып, жігерлендіріп отырды. Жеңіліс жолыма тосқауыл қоюға шақ қалғанда, олардың сенімі мені қайта аяққа тұрғызды. Сонымен қатар, менің спорттағы жолымда айрықша орын алатын жан – спорт жанашыры, нағыз жанкүйер әрі жеке жаттықтырушым Әділ Абдығалиев. Ол маған тек жаттығу үйреткен маман емес, тәртіптің, табандылықтың және жеңіске деген сенімнің үлгісі. Жаттығу кезінде қажып, шаршау сезілгенде, оның талапшылдығы мен қолдауы мені ылғи алға жетелейтін. Ол менің әлсіздігімді күш-жігерге айналдыруға көмектесті. Осындай жандардың арқасында алға сеніммен қадам басып келемін. Өйткені, менің артымда тірек болатын адамдар бар – ал бұл кез келген жеңістен де үлкен күш.

 

– Жарыс алдында диета ұстайсыз ба?

– Әрине, сайыс алдында диетаға ерекше мән беремін. Себебі әр спортшы үшін салмақты дұрыс ұстап тұру нәтижеге тікелей әсер ететін нәрсе. Артық салмақ қоспау үшін күнделікті тамақтану тәртібін қатаң қадағалаймын. Тағам рационымда көбіне ақуызға бай, жеңіл қорытылатын өнімдер болады. Мысалы, еттің майсыз түрлері, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері. Сонымен қатар, ағзаны ауырлататын майлы және тәтті тағамдарды шектеймін.

Жарысқа жақындаған сайын тамақтану тәртібін одан да қатаңдатып, порция мөлшерін, тамақтану уақытын сақтаймын. Су ішу режиміне де ерекше көңіл бөлемін, себебі ағзаның дұрыс жұмыс істеуі үшін бұл өте маңызды. Диета тек салмақ түсіру үшін емес, ағзаны жарысқа толық дайын күйге келтіру үшін қажет. Осы тәртіптің арқасында өзімді жеңіл, сергек сезініп, жарысқа барынша дайын болып шығамын.

 

– Әулетіңізде сізден басқа гір көтерумен айналысатындар бар ма?

– Иә, біздің әулетте спортқа жақын жандар бар. Әсіресе, қарындасым Жансая – гір спортынан республикалық жарыстардың жүлдегері. Ол да бұл спорт түріне үлкен жауапкершілікпен қарап, тұрақты түрде жаттығып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.

Оның жетістіктері мені одан сайын жігерлендіріп, өз деңгейімді көтеруге, тоқтап қалмай, үнемі алға ұмтылуға ынталандырады.

Біз бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасып отырамыз. Жарыстарда да, дайындық барысында да бір-бірімізге сенім беріп, рухани тірек боламыз. Осындай ортада өскендіктен, спорт мен үшін жай ғана хобби емес, өмір салтына айналды. Отбасымдағы осындай қолдау мен бірлік – менің басты мотивациямның бірі.


– Осы спорттағы басты жетістіктеріңізді тізбелеп кетсеңіз...

– Гір спортындағы басты жетістіктерім – бірнеше рет ел чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуым. Сонымен қатар, мен 8 дүркін Қазақстан чемпионымын. Төрт мәрте Азия чемпионатында топ жарып, 2 дүркін әлем чемпионы атандым. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері ретінде бұл жетістіктер біздің көп жылғы еңбегімізбен табандылығымыздың нәтижесі.


– Тамаша! Алға қойған жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз…

– Алдағы мақсатым – халықаралық деңгейде бұдан да жоғары нәтижелер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғау. Сонымен қатар шәкірттерімді тәрбиелеп, олардың чемпион болуына бар күш-жігерімді салу мен үшін биік мақсат. Сосын өзім туған Зайсан ауданынан әлемдік деңгейдегі, тіпті Олимпиада чемпиондарын шығару. Ауданымыздағы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, оларды үлкен ареналарға алып шығу – басты мақсаттарымның бірі.


– Уақыт бөліп, спортта жүріп өткен жолыңызбен бөліскеніңізге көп рахмет. Жеңісті күндеріңіз болсын!

– Сіздерге де рахмет!


Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет спортшының жеке парақшасынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив