Қазақстанда мектептерде оқытылатын әскери дайындық пәнінің атауы өзгеріп, оқу мазмұны жаңартылады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Мәжілісте мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда пән атауын «Алғашқы әскери дайындық» деп өзгертуге қатысты түзетулер әзірленіп жатыр. Тиісті бұйрық жобасы Әділет министрлігінің қарауында болады.
– Құжат қабылданғаннан кейін оқу бағдарламалары мен жоспарлары қайта қаралады. Оқулықтар жаңартылып, сараптамадан және апробациядан өтеді. Бұл жұмыстарды толық іске асыруға шамамен 1,5 жыл уақыт қажет, - деді ол.
Осыған сәйкес пән 2028–2029 оқу жылынан бастап жаңа атаумен оқытылады.
Вице-министр әскери дайындық пәнінің қазіргі жай-күйіне тоқталды.
– Бүгінде еліміздегі 6 мыңға жуық мектеп пен 700-ден астам колледжде «Алғашқы әскери-технологиялық дайындық» пәні оқытылады. Пән бойынша 98 сағат оқу жүктемесі қарастырылған, - деді Шынар Ақпарова.
Оның айтуынша, оқу-дала жиындарын ұйымдастыруда өңірлер арасында айырмашылық бар.
– Жиындарды әскери бөлімдер базасында өткізу маңызды. Алайда бұл жұмыс барлық өңірде бірдей деңгейде жүргізілмейді. Бұған қаржыландырудың жеткіліксіздігі, әскери бөлімдердің жетіспеуі және инфрақұрылымның дайын болмауы әсер етіп отыр, - деді вице-министр.
Пікірлер