
Өскеменде «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында өңірлік форум өтті
Бүгін облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған кеңейтілген жиын ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, мәслихат депутаттары, сала мамандары мен пәтер иелері бірлестіктерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елде жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың іске асырылу барысы талқыланды. Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика және инфрақұрылымды басқарудың жаңа, тиімді әрі ашық моделін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов осы бағыттағы жұмыстардың маңызына тоқталды.
- Бүгінгі кездесу – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен қолға алынған реформаларды іске асыру алаңы. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Сондықтан мемлекет, партия, жергілікті атқарушы органдар және тұрғындар бірлесіп жұмыс істегенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Басты мақсат – тек заңнамалық өзгерістерді талқылау емес, пәтер иелерінің күнделікті өмірінде туындайтын нақты мәселелерге тиімді шешім табу, – деді облыс әкімі.
Форум аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру, тұрғын үй қорын күтіп ұстау, аулаларды абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту секілді маңызды тақырыптар талқыланды. Сонымен қатар МИБ, ПИК және НСУ қызметінің тиімділігін арттыру мәселелері көтерілді.
«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаевтың сөзінше, «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы – тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған маңызды бастама.
- Бүгінде республика бойынша 20 мыңнан астам МИБ пен ПИК жұмыс істейді, ал көппәтерлі тұрғын үйлер саны 2 миллионға жуық. Өткен жылы тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізіліп, түсіндіру жұмыстары елдің барлық өңірінде жүргізілді. Аталған жоба – осы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған маңызды бастама, – деді Ержан Жылқыбаев.
Форум барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де назардан тыс қалмады. Соңғы жылдары аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып, экономикалық өсім байқалады. Жалпы көлемі 838 млрд теңге инвестиция тартылып, 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Зайсан, Алтай өңірлерінде заманауи 7 мектеп салынуда.
Өңірде тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Облыс бойынша 3400-ге жуық көппәтерлі тұрғын үй бар. Өскемендегі жаңа шағынаудандарда 40-тан астам көпқабатты үй салынып жатыр. Бұл өз кезегінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына түсетін жүктемені арттырып, басқару жүйесін жетілдіру қажеттігін туындатады.
Форум аясында ұйымдастырылған семинарлар барысында сала мамандары мен тұрғындар арасында ашық диалог өтті. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, заңнамалық өзгерістерге қатысты түсініктеме берді.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасысының орынбасары Аманбай Нүркеновтің айтуынша, мұндай кездесулер тұрғындардың сұрақтарын тікелей талқылауға мүмкіндік береді.
- Семинар барысында МИБ және ПИК өкілдері өзекті мәселелерін ашық айтып, нақты жауаптар алды. Біз алдағы уақытта да тұрғын үй саласындағы түйткілді мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп қарастыратын боламыз, – деді төраға орынбасары.
Жиын соңында қатысушылар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын білдіріп, өзара тәжірибе алмасты.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай форматтағы ашық диалог алаңдары саладағы мәселелерді жедел шешуге және тұрғындардың сенімін арттыруға ықпал етеді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер