23-24 сәуір аралығында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұлттық фестивальдің негізгі мақсаты – өңірдің туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, кенже қалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтау және қайта жаңғырту.
Іс-шараға шетелден (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан), көрші өңірлерден (Алматы, Түркістан) келетін және жергілікті 100-ден астам шебер қатысады.
Фестиваль аясында көрерменге ерекше көңіл күй сыйлау мақсатында «Тараз – қолөнершілер қаласы. Дәстүр мен заманауи қолөнер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция, қолөнер бұйымдарының көрмесі мен шеберлік сағаттары, «Менің әлемім: қиял мен шынайылық» атты жас қолөнершілер мен суретшілердің көрмесі өтеді.
Бұдан бөлек, сән мен дәстүрді тоғыстыратын «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы, «Гиннес» рекордтар кітабына енген киіздің жанында «Dombyra Party» іс-шарасы, ұлттық нақыштағы киімдердің сән көрсетілімі және өнер жұлдыздарының гала-концерті ұйымдастырылады.
Фестивальге қонақтарына көрме бұйымдарын сатып алуға және Тараздағы тарихи-мәдени орындарға экскурсия жасауға толық мүмкіндік қарастырылған.
Бұл күндері Тараз ұлттық дәстүр мен шалқар шабыттың тоғысқан ортақ мекеніне айналмақ.
Пікірлер