Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында кәсіпкерлерді қолдау және бірегей идеяларды жүзеге асыру мақсатында ауқымды форум ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараның басты мақсаты – шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау, жаңа идеялардың жүзеге асуына ықпал ету, кәсіпкерлер мен билік арасындағы тиімді диалог алаңын қалыптастыру.
Ауқымды жиынға 800-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері мен салалық сарапшылар бар.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы рөліне ерекше тоқталды.
– Шығыс Қазақстан – әлеуеті жоғары өңір. Бүгінде мұнда елдегі өнеркәсіп өндірісінің шамамен 6 пайызы шоғырланған. Инвестициялар көлемі 838 млрд теңгеден асты. Ал шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 24,4 пайызды құрайды. Облыста 58 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді, онда 157 мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұл – экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізі, – деді облыс әкімі.
Форум барысында кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар кеңінен таныстырылды. Солардың бірі – “Ауыл аманаты” бағдарламасы. Бұл ауыл тұрғындары мен кәсіпті енді бастаған азаматтарға тиімді шарттармен несие алуға мүмкіндік береді.
“Ертіс” Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы несиелеу департаменті Өскемендегі филиалының директоры Дидар Мажириновтың айтуынша, бағдарламаның өзіндік ерекшеліктері бар.
– Негізгі қарыз бойынша жеңілдік кезеңі – 12 ай. Жылдық ең жоғары пайыздық мөлшерлеме – 2,5 пайыз. Бағдарлама талаптарына сәйкес несие алушының несие тарихы таза болуы, ауылда тіркелуі және жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет, – деді Дидар Мажиринов.
Кәсіпкерлерге қолдау көрсететін негізгі институттардың бірі – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры. Қор жеңілдетілген несиелеу, субсидиялау және оқыту бағдарламалары арқылы кәсіп иелеріне жан-жақты қолдау көрсетеді. Қазір “Іскер аймақ” жобасы аясында тегін онлайн курстар ұйымдастырылып, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және кәсіп бастау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, форум аясында аквамәдениет, агробизнес, IT, туризм және креативті индустрия салалары бойынша баяндамалар жасалды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды таныстырды.
– Өңірде IT мамандарына сұраныс жоғары. Алайда жастар оқуды тәмамдаған соң ірі қалаларға немесе шетелге кетіп жатады. Осы мәселені шешу мақсатында “Oskemen Hub” жобасын іске қостық. Қазір орталықта мамандарды даярлау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар “Tech Orda” бағдарламасы аясында жеке IT мектептерін қолдау жүзеге асуда. Жоба арқылы 5823 маман даярланды, – деді “Oskemen Hub” негізін қалаушы Дидар Мұратұлы.
Іс-шара соңында қатысушылар облыста кәсіпкерлікті дамытуға арналған алдағы жоспарларды талқылап, нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер