ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Амангелді Еңсегеновтың айтуынша, өрттің қауіпті кезеңіне дайындық мақсатында түрлі шара қолға алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
31 наурызда Төтенше жағдай жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтіп, орман және дала өрттерінің туындау қаупін төмендету бойынша облыстық шаралар жоспары бекітілді.
– Орман және дала алқаптарындағы ұйымдарға ұсыным хаттар мен табиғи өрттердің алдын алу жоспары жолданды, аудандық күштер мен құралдарды тарту жоспары түзетілді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен термоточкаларды ғарыштық мониторинг деректерін алу бойынша келісімшарт жасалды. Сондай-ақ облыс бойынша мобильді топтар құрылуда, – деді Амангелді Еңсегенов.
Қазір департамент бөлімшелерінде 1329 қызметкер және 249 техника бар. Бөлімшелер 373 арқалық өрт сөндіргіш, 948 соққыш және жеке құрамды жеткізу техникасымен қамтамасыз етілген. Үш тәулікке дейін автономды жұмыс істеуге арналған материалдық-техникалық құралдар мен азық-түлік қоры жасақталды.
– Облыста 55,6 тонна дизель отыны және 51,7 тонна бензин қоры дайындалды. Өрт қаупі жоғары аудандарға 9 ұшқышсыз ұшу аппараты бөлінді. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елдімекендерде 15 өрт сөндіру пункті құрылды. Биыл Үлкен Нарын ауданына қарасты Алтынбел ауылында қосымша 1 өрт сөндіру пункті ашылды. Сонымен қатар өңірде 9 ерікті өртке қарсы құрылым жұмыс істейді, - деді ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы.
Пікірлер