A+ A A-

talgatzhan 42 Бүгін, 11:20 0

Өскеменде инклюзивті білім беру бойынша ауқымды семинар өтіп жатыр

Бүгін / Өскемен

Бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеудің кешенді тәсілі: тәжірибе, мәселелер, перспективалар» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараға республиканың әр түкпірінен 200-ден астам қатысушы келді. Семинардың негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауды қамтамасыз етуде командалық тәсілдерді дамыту. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салалары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.

– Біздің басты мақсатымыз – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, психологиялық көмек беру. Әр өңірден келген мамандар тәжірибе алмасып, тиімді әдістермен бөлісуде. Негізгі ұстанымымыз – қолжетімді білім бере отырып, балалардың жетістікке жетуіне жол ашу. Шымкентте бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Барлық мектептерде арнайы сыныптар ашылып, логопедтер мен дефектологтар қызмет атқарады, – деді Шымкенттен келген Фарида Кеңесқызы. 

Семинар барысында инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше балаларды қолдап, білім беруге жаңа әдістерді енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, «Инклюзивті білім беруді дамытудағы қоғамдық қорлардың рөлі», «Шығыс Қазақстан облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесін дамыту», «Инклюзивті білім беру үшін мұғалімдердің жаңа буынын даярлау: қазіргі қиындықтар мен перспективалар» тақырыптарында баяндамалар ұсынылды.

Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінованың сөзінше, бүгінгі жиын қатысушыларға пайдалы ақпарат беріп, оны тәжірибеде тиімді қолдануға мүмкіндік жасайды.

– Семинарға білім беру ұйымдарының өкілдері, аутизм орталықтарының басшылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының директорлары, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығы қатысуда. Мемлекет басшысының Жолдауында инклюзивті қоғам қалыптастыру және ерекше балаларды қолдаудың тиімді жүйесін құру басым бағыт ретінде белгіленген. Бұл міндеттер білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының өзара үйлесімді іс-қимылын талап етеді, – деді ол.

Ресми деректерге сәйкес, өткен жылы өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 12 304 бала тіркелсе, биыл олардың саны 13 200-ге жеткен. Яғни, көрсеткіш жыл сайын шамамен 1000 балаға өсіп отыр. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру жағдайларының қамтылу деңгейі де артып келеді: мектепке дейінгі ұйымдарда – 86,6%, орта білім беру ұйымдарында – 97,4%, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 90%.

– Қазір өңірдегі 347 мектепте психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтері жұмыс істейді. Олардың аясында 14 арнайы топ пен 88 арнайы сынып ашылған. Сонымен қатар, жалпы білім беретін ұйымдар жанынан инклюзивті білім беруді дамытуға арналған 2 ресурстық орталық құрылған. Ерекше балаларды қолдайтын 60 кабинетте 2963 бала қажетті көмек алуда, – деді Бұлбұл Елеусінова. 

Бұдан бөлек, үш колледж базасында 122 студент білім алып жатыр. Соңғы деректерге сәйкес, 52 түлектің 37-сі тұрақты жұмысқа орналасқан.

– 2025 жылдың соңында облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) жүйесі жаңғыртылып, жаңа кабинеттік модель енгізілді. Бұл модель балаларды бағалап, кеңес беру және сүйемелдеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Өскемен, Алтай және Шемонаиха қалаларында төрт ПМПК жұмыс істейді. Сонымен қатар бір оңалту орталығы мен бір аутизм орталығы ашылған, – деді департамент өкілі. 

Мамандардың айтуынша, бұрын негізгі назар медициналық диагноз қоюға аударылса, қазір басты басымдық балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін кешенді бағалауға бағытталған. Соның негізінде әр балаға жеке білім беру бағыты әзірленіп, тұрақты сүйемелдеу қамтамасыз етіледі. Бұл модель Ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың ұсынымдарына сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Әдемі АМАНГЕЛДІ 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив