Биыл жазда аймақта мектеп оқушыларының 99,9%-ын демалыспен, сауықтыру шараларымен және түрлі пайдалы іс-шарамен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жазғы демалысты ұйымдастыруға шамамен 362 млн теңге бөлінеді. Қазір бұл қаржыландыру мәселесі облыстық экономика басқармасы мен депутаттар тарапынан қарастырылуда. Қаражат лагерьлерді жөндеуге, инфрақұрылымды нығайтуға және жолдамалар сатып алуға бағытталады. Әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық беріледі.
Өңірде биыл 12 қала сыртындағы лагерь, тамақтандыру ұйымдастырылған 276 мектеп жанындағы алаң, 200-ден астам мамандандырылған ойын алаңы мен клуб жұмыс істейді. Жаз мезгілінде лагерьлерде 100-ге жуық педагог пен медицина қызметкері еңбек етеді.
Балалар үшін жаяу серуендейтін жерлер әзірленіп, орман шаруашылықтарындағы демалыс, колледждердегі кәсіби бағдар беру алаңдары ұйымдастырылады. Сонымен қатар олар робототехника, аспаздық, тіл үйрену және басқа да бағыттар бойынша түрлі үйірмеге қатыса алады.
Жекелеген жобалар қатарында әскери-спорттық лагерь, Бұқтырма су қоймасы бойынша қайық турлары және колледж студенттеріне арналған демалыс бағдарламалары бар.
Пікірлер