A+ A A-

talgatzhan 13 Бүгін, 09:30 0

Өскеменде билік өкіліне тіл тигізген 73 жастағы әже сотталды

Бүгін / Өскемен

Облыс орталығында ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты үш бап бойынша айыпталған зейнеткерге қатысты ҚР ҚК 380-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы (билік өкіліне қатысты күш қолдану), 378-баптың 1-бөлігі (билік өкілін қорлау) және 109-1-баптың 1-бөлігі (ұрып-соғу) бойынша істі қарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, патрульдік полиция қызметкерлері жолда жүріп бара жатқан көлікті тоқтатты. Көлікті әженің ұлы басқарған. Құжаттарды тексеру барысында оның сақтандыру куәлігі жоқ екені анықталды. Құқық қорғау органдары жүргізушіден көліктен шығуды талап етіп, оны арнайы тұраққа эвакуатор арқылы жеткізу туралы шешім қабылдады. Тараптан осыны талқылап тұрғанда көлікте отырған 73 жастағы әже  рөлге отырып алып, сыртқа шығудан бас тартқан.      

–  Оны көліктен шығарған кезде қарт адам құлап, көз және самай тұсынан жарақат алған. Осы уақытта оның ұлы полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, балағат сөздерін жаудырды. Іс насырға шапқан соң сақшылар жігіттің қолына кісен салды. Дереу етпетінен жерге жатқызған. Ұлының ұсталғанын көрген әже аяқ киімін шешіп, полицейлерге ұмтылды. Тергеу мәліметінше, ол құқық қорғау қызметкерлеріне балағат сөздер айтып, ұлын қорғауға тырысқан, – делінген сот материалында.
Соттағы түсініктемесінде ол ұлының жағдайын түсіндіруге тырысқанын, сақтандыру куәлігінің болмауының себебі база жұмыс істемегенімен байланысты екенін айтқан. Олар үйіне жақын жерде болғандықтан, көлікті арнайы тұраққа эвакуациялауды қаламапты.
– Жәбірленуші полицейлер де өз нұсқасын айтты. Олардың айтуынша, ұлына кісен салынған сәтте анасы аяқ киімін қолына алып, полицейлердің денесіне соққы жасай бастады. Эвакуаторға тиіспеді, қайта ол зейнеткердің басынан ұрып жіберген. Сотта эвакуатор жүргізушісі полицейлердің сөзін растады, – делінген іс материалында.
Айыпталушының ұлы сотта анасына эвакуатор жүргізушісі көз тұсына соққы жасағанын айтқан. Осыдан кейін оқиға ушыққан. Сот істі қарап, барлық дәлел мен түсініктемені ескере отырып, 73 жастағы әжені үш бап бойынша кінәлі деп таныды. Оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жаза тағайындау кезінде оның егде жасы ескерілгені айтылды. Алайда үкім заңды күшіне енген жоқ, себебі қорғау тарапы апелляциялық шағым түсіріп, ақтау үкімін шығаруды сұрап отыр.


Баян ӨТЕПҚАЛИ (Фото: ашық дереккөзден)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив