Қазақстанда Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні қатар аталып өтуде. Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Елімізде бүгінде 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді, ал салада 20 мыңға тарта маман еңбек етеді. Соңғы жылдары кітапхана ісін жаңғыртуға ерекше мән беріліп, олар автоматтандырылған жүйелерге көшіп, жасанды интеллект технологияларын енгізіп, электрондық ресурстарын дамытуда. Соның нәтижесінде азаматтардың кітап қорына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі кеңейіп келеді.
– Кітап әлі де білім мен тұлғалық дамудың маңызды қайнар көзі болып қала береді. Кітапханалар автоматтандырылған жүйелерге көшіп, жасанды интеллект технологияларын енгізіп, электрондық ресурстарын дамытып келеді. Соның нәтижесінде азаматтарға кітап қорына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі кеңейе түсті. Электрондық кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайызға артып, 718 мың адамға жетті. Соңғы бес жылда онлайн оқырмандар саны 4 миллионнан, электрондық форматта қаралған кітаптар саны 9 миллионнан асты. Әсіресе балалар әдебиетіне сұраныс артып, бір жылда 75 пайызға көбейді, ал қазақ және әлем классикасына қызығушылық 50 пайызға өсті, – делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында елде кітапханалар салу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында жаңа Президент кітапханаларын салу жоспарланған. Қазіргі таңда 36 кітапхана жаңғыртылып, 2026 жылы тағы 30 нысанды жаңарту көзделіп отыр.
Ұлттық кітап күніне орай республика көлемінде ауқымды онкүндік ұйымдастырылған. Оның аясында 100 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, түрлі ақпараттық алаңдарда кітап оқу мәдениетін насихаттауға арналған 10 мыңға жуық материал жарияланған.
Сондай-ақ елордада өткен IX Astana Eurasian Book Fair аясында «Ұлттық кітап» байқауының қорытындысы шығарылып, үздік шығармалар анықталды. Қаламгерлерді қолдау мақсатында Президенттік әдеби сыйлық, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалған.
Министрлік мәліметінше, соңғы 10 жылда мемлекеттік қолдау аясында 2 мыңнан астам кітап жарық көріп, олардың жалпы таралымы 6 миллион данадан асқан.
Пікірлер