Дәрігерлер жүрекке операция жасамай тұрып, тексеру жүргізгенде 74 жастағы науқаста қатерлі ісік барын анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, ер адам ауруханаға жүректің ишемиялық ауруы белгілерімен шұғыл жеткізілген. Коронарография нәтижесінде коронарлық артериялардың айқын зақымданғаны белгілі болды. Кардиология бөлімінде ем алғаннан кейін оған аортокоронарлық операция жасау ұсынылған.
Алайда отаға дайындық кезінде дәрігерлер науқастың сол жақ бүйрегінен ісік барын анықтаған. Дәрігерлердің айтуынша, жүрек тамырларының жағдайына байланысты онкологиялық операция жасау науқас үшін қауіпті саналды. Бұл жүректің тоқтауына және наркоз кезінде ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін еді.
Сонымен қатар ісікті алып тастауды кейінге қалдыру да қауіпті болған, себебі ауру асқынып, метастаз беруі ықтимал еді. Осыған байланысты мамандар бір мезетте екі операцияны қатар жүргізу туралы шешім қабылдаған.
Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, күрделі ота сәтті өтті. Науқас бірнеше күн жансақтау бөлімінде болып, кейін 17-ші күні оңалту орталығына ауыстырылған.
Пікірлер