Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыруымен қалада Президенттің «Алтын сапа» сыйлығына арналған оқыту семинары өтті. Іс-шара кәсіпкерлерге байқауға қатысу тәртібін түсіндіріп, сапа менеджментін дамыту мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Семинар барысында қатысушыларға байқау ережелері, кезеңдері мен қатысу талаптары жан-жақты түсіндірілді.
– Жарлыққа сәйкес, біз дәстүрлі түрде оқыту семинарларын өткізіп келеміз. Биылғы семинарды алғаш болып Өскемен қаласынан бастадық. Бүгінде кәсіпкерлерді жинап, «Алтын сапа» байқауы туралы толық ақпарат беріп жатырмыз. Қалай қатысу керек, қандай құжаттар қажет – барлығын егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Сонымен қатар өткен жылдары қатысқан кәсіпкерлерді шақырып, өз тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік жасадық, – деді палатаның атқарушы директоры, республикалық конкурстарды ұйымдастырушы Мерей Исаева.
Оның айтуынша, «Алтын сапа» байқауы үш санат бойынша өткізіледі: ірі, орта және шағын бизнес субъектілері. Сонымен қатар, конкурс төрт номинацияны қамтиды. Байқау жыл сайын ұйымдастырылып, өңір кәсіпкерлері үшін маңызды алаңға айналған.
Семинарға қатысқан кәсіпкерлердің бірі, Aitas Company өкілі Наталья Ануфриеваның сөзінше, былтыр «Алтын сапа» байқауына қатысып, екінші орын алды.
– Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Биылғы мақсатымыз – жеңімпаз атану, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқыту семинарлары кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық өнім сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Пікірлер