A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 14:00 0

Базарларда 80-нен астам делдал анықталды – Сауда комитеті

Бүгін / Республика

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес базарлардағы өнімсіз делдалдармен күрес жұмыстарын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Комитет төрағасы Ернұр Жәутікбаев Қарағанды қаласына жұмыс сапары барысында көтерме және әмбебап базарларды аралап, бизнес өкілдерімен, базар иелерімен және жергілікті атқарушы органдармен кездесу өткізді. Жиында сауда тізбегіндегі жасырын делдалдық схемаларды жою мәселелері талқыланды.
– Өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту қажет. Мемлекеттік кірістер, ішкі істер, монополияға қарсы орган және сауда департаменті сауда тізбегін ретке келтіруі тиіс. Өңірлерді аралау барысында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей сауда жасап отырғандар бар екенін көрдік. Делдалдық схемалар ашық жүріп жатыр, соған көз жұма қарауға болмайды, – деді Ернұр Жәутікбаев.
Министрлік мәліметінше, базарлардағы процестерді цифрландыру – делдалдарды жоюдың негізгі тетігі. Осы мақсатта сауда ережелері жаңартылып, базар әкімшіліктеріне барлық келісімшарттар мен төлемдерді ақпараттық жүйе арқылы жүргізу міндеттелген.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында 41, Ұлытау облысында 44 өнімсіз делдал анықталып, сауда тізбегінен шығарылған. Сонымен қатар өңірлерде комиссия отырыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Сапар барысында комитет төрағасы Қарағандыдағы «Горняк» базарының жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жоба аясында 500 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 4200 шаршы метрлік жабық базар салынуда. Жоба іске қосылғанда 50-80 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Жалпы өңірде мемлекеттік қолдау аясында 1,7 млрд теңгеге 9 жоба мақұлданған. Республика бойынша сауда саласына бөлінген қолдау көлемі 3,2 млрд теңгеге жетіп, 458 жоба субсидияланған.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив