A+ A A-

talgatzhan 35 Бүгін, 17:30 0

Бала жанының рухани ұстазы

Бүгін / ШҚО / Руханият

23 сәуір – Ұлттық кітап пен Кітапханашылар күні. Бұл күні халыққа  ақпараттық ресурстарды (кітаптар, электронды деректер) жинақтау, сақтау, жүйелеу және оқырмандарға қызмет көрсетумен айналысатын, мәдени-ағартушылық маңызы жоғары мамандық иелері туралы жазбай, айтпау мүмкін емес, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазір былайғы жұрт кітапханашы мамандығын әдеттегідей кітап беріп, кітап қабылдап отыратын қарапайым адам емес екенін өте жақсы біледі. Кітапханашы – түрлі саланы жетік меңгерген,  ақпараттық әлемді еркін шарлап кететін, жаңа технология мен жасанды интелект арқылы кітапхананың бүкіл жұмысын жүргізіп отырған өресі өте жоғары әмбебап мамандық иесі екенін баяғыда мойындаған.  Кітапханашы кітап қорын толықтыру, әдебиеттерді насихаттау және оқырмандардың сұранысын адамның ойына келе бермейтін сан-алуан қызықты форматтарды ойлап табу арқылы қанағаттандыра отырып қоғамды, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерді адамгершілікке, мейірімділік пен қайырымға тәрбиелеп отырған РУХАНИ ҰСТАЗДАР деп санаймын. Иә, кітапханашының тәулік бойы атқарар жұмысы ұшан теңіз: кітаптарды өңдеу, каталогтарды жүргізу, оқырмандарға кітап беру, әдеби кештер ұйымдастыру, кітап көрмелерін жасақтау, балалар мен жасөспірімдерді  баулитын танымдық  дәрістер, ойындар және т.б. толып жатқан мәдени шаралар өткізу...Осы дүниелерді өткізу үшін кітапханашының мәдени ой-өрісінің кең, білімі терең, педагогикалық және психологиялық әдістерді меңгеру машығы болу шарт. Оның үстіне бүгінгі заман талабы креативтілік, цифрлық технологияларды қолданумен қатар үнемі ақпараттық ізденісте жүру,  сөйтіп кітапхананы заманауи мәдени орталыққа айналдыру миссиясы тұр алдында! Осы тұрғыда, Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлерінің елеулі еңбегін атап өткім келеді. Жасөспірімдерге жақсылықты насихаттап, балалардың болашақ өміріне рухани бағыт-бағдар беріп жүрген қарапайым кітапханашының бірі – Динара Айткәрімқызы Кітапбаева. Динара Айткәрімқызының КІТАПБАЕВА деген ТЕГІНІҢ өзі – кітапханашы мамандығын таңдаған  жас қыздың еңбек жолын жөргегінен жөн сілтегендей. Динара әріптесім мінезі өте сабырлы, орнықты, кітапханаға келушілермен тілдескендегі кішіпейіл, адамның іш-бауырына кіріп кететін көркем мінезі мені осы кітапханаға келгелі тәнті етті. Көп сөзге жоқ, істің адамы. Тапсырылған іс-шараны өзі басқарып отырған оқырмандарға қызмет көрсету орталығындағы  кітапханашылармен әп-сәтте тындыра қояды. Кітапханада театр мен филармония сияқты мәдени мекемелердегідей «сахна қызметкері»,  «жүк тасушы» деген қосалқы қызметтер жоқ. Көшпелі көрмелер мен өзге мекемелерге, алаңдар мен саябақтарда, мектептерде өтетін іс-шараларға апаратын кітаптарды, реквизиттерді де орталықтың қыздарын ұйымдастырып өзі көтеріп кете береді. (Өйткені кітапхана көлігінің жүргенінен тұрғаны көп, жалақысы жүз мыңға жетпейтін көлік жүргізушінің жұмысына  ешкім келгісі жоқ. Өткізетін ауқымды іс-шараларға да Динара Айткәрімқызы демеушілерді тез табады. Кеңестер Одағы кезінде мәдениетке қаражат «остаточный принциппен» бөлініп келсе, сол үрдіс әлі де сақталған, өкінішке қарай менің жеке пікірімше. Кітапханалар отырған ғимаратты ұстау мен  бүгінгі қымбатшылық заманда өмір сүруге жетпейтін жартымсыз жалақыға қаражат үздіксіз бөлініп отырғанына «шүкір» деудеміз. Сондықтан, ауқымды іс-шараларға демеу болатын кәсіпкерлер мен ірі компаниядан қаражат тарта білу – бұл үлкен іскерлік деп ойлаймын өз басым. Кітапханада өзі өткізіп жататын мәдени шараға  «инвестиция» тартудағы жетістіктері Динара әріптесімнің кіші-гірім «дипломатиялық» жұмысқа да қабілетінің  барынан хабар береді. Ол басқаратын оқырмандарға қызмет көрсету орталығының жанында бірнеше үйірме мен қызығушылық клубтары жұмыс жүргізеді. Сурет үйірмесі, тоғызқұмалақ үйырмесі, ісмерлер үйірмесі, логикалық ойындар үйірмесі, бишілер үйірмесі жұмыстарының толыққанды жұмысын да Динара Айткәрімқызы үйлестіріп келеді. «Оқитын үй» жобасы негізінде көп-балалы отбасылар тұратын Жібек маталар комбинаты аумағындағы көпқабатты үйдің балаларына жаз және қыс айларында түрлі шаралар өткізсе, оның бер жағында «Оқитын трамвай» жобасының жұмысына да  ат салысады,  «Кітапхана + ТЕАТР», «Библиоша» сияқты жобалары тұрақты жұмыс істеуде. Балалар әдебиеті мен білімді насихаттау ісіне, балалар мен жасөспірімдердің интелектуалдық тұрғыда дамуына ыждахаттылықпен еңбек етіп келеді. Динара әріптесімнің мамандығына адалдығы өз алдына бір төбе. Еңбек кітапшасында жалғыз ғана жазба бар шығар деп ойлаймын. Сонау,  жап-жас –   бойжеткен кезінде кітапханашы болып енген ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасында тапжылмай 25 жылдан астам қызмет етіп келеді. Бұл бір емес, екі мүшел жаспен тең. Биязы, салмақты, өз ісіне берілген жанның бойында жақсы қасиеттер көп. Өзім де мемлекеттік қызметте  жиырма жыл, жалпы мәдениет саласындағы еңбек жолым  отыз жылдан асса да кітапханаға келгелі Динара әріптесімнен үйренерім көп екенін ұқтым. Жақсы жандар жан-жағына шуақ шашып жүреді ғой. Оның үстіне күн сайын алдына келетін жүздеген оқырман бала мен жасөспірімге рухани азық беретін рухани ұстаздық миссияны қатар алып жүрген жанның жанындағы әріптестеріне де  игі ықпалы  мол.

Гүлжан Казимова   
Шығыс Қазақстан облыстық балалар 
мен жасөспірімдер кітапханасы 
директорының орынбасары

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив