Облыс бойынша ҚАЖД Сол жағалау аудандық пробация қызметі мен полиция басқармасы қызметкерлері саптық жиын өткізді. Себеп сол, 5 қазан мен 5 қараша аралығында өтетін «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізу, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір Сол жағалау аудандық пробация қызметінің есебінде 138 азамат тұр. Шара барысында олардың тұрғылықты мекенжайларына барып, белгіленген талаптарды орындауы тексерілді.
Пробация қызметкерлері есепте тұрған азаматтарға заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар азаматтардың әлеуметтік мәселелеріне назар аударылып, қажет болған жағдайда жұмысқа орналасу, құжаттарды реттеу және басқа да мәселелер бойынша тиісті көмек алу жолдары түсіндірілді.
Сол жағалау аудандық пробация қызметі басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Мұхтарбекқызы профилактикалық жұмыстардың маңыздылығына тоқталды:
– Пробация қызметінің басты міндеттерінің бірі – есепте тұрған азаматтардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Осындай профилактикалық іс-шаралар барысында азаматтардың тұрмыс жағдайымен танысып, олардың мәселелерін анықтауға және қажет болған жағдайда тиісті көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады, – деді Гүлжан Мұхтарбекқызы.
Басты мақсат – қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және пробация есебіндегі азаматтардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету.
Пікірлер