
ШҚО-да жол жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Өңірде соңғы жылдары жол инфрақұрылымын дамыту бірқалыпты жалғасып жатыр. 2025 жылы бұл саладағы жұмыс көлемі айтарлықтай өсіп, оның алдындағы жылмен салыстырғанда екі еседен астам артты. Аймақта жүздеген шақырым тасжол жөнделіп, ірі жобалар жүзеге асырылды. Туристік бағыттарға апаратын жолдарға да ерекше көңіл бөлінуде. Дегенмен қаржыландыру көлемінің қысқаруы алдағы жоспарларға ықпал етуі мүмкін. Соған қарамастан облыста жол сапасын жақсарту жұмыстары жалғаса береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жөнделген, жөні түзу жол қайсы?
2024 жыл облыста ресми түрде «Жолдар жылы» деп жарияланған болатын. Бастапқы жоспар бойынша елдімекендердегі автожолдар мен көшелердің шамамен 600 шақырымын жөндеу көзделген еді. Ол үшін 31,5 млрд теңге қарастырылған. Алайда шамамен 400 шақырым жөнделді. ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері жоспардың орындалмау себебі қаржыландырудың жеткіліксіздігі екенін түсіндірді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде өңірдегі жолдарды жөндеу жұмыстарын жалғастыру қажеттігін ашық атап өтті.
– Біз мақтана алатын жолдар жоқ, – деп мәлімдеді өңір басшысы былтыр наурыз айының соңында.
Нәтижесінде өткен жылы 856 шақырым жол ретке келтірілді. Жол жөндеуге деп бөлінген қаржы 98 млрд теңгені құрады. Жұмыстардың жалпы көлемінің шамамен үштен бірін республика орындады. «ҚазАвтоЖол» компаниясы шамамен 300 шақырым республикалық маңызы бар жолдарды жөндеді. Талдықорған – Өскемен және Өскемен – Семей жобалары аяқталды. Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары тасжолының ең қажетті учаскелерінде жөндеу жүргізілді. Өткен жазда осы жолдың Берел ауылынан Рахман қайнарларына дейінгі соңғы учаскесін қайта жаңғырту басталды. Нәтижесінде жол екі жолақты етіп кеңейтілді. Негізі тасты материалмен нығайтылып, су өткізу құрылыстары салынды. Биыл асфальт төсеу жоспарланған.
Аталған басқарма басшылығы сұранысқа ие туристік бағыттарға баса назар аударды. Мамай батыр – Алғабас – Бозанбай тасжолының проблемалы учаскелерінде орташа жөндеу жүргізілді. Алғабастан Тарғынға дейінгі жолды асфальттау аяқталды. Бұл жол арқылы демалушылар Сібі көлдеріне барады.
Ресми ақпаратқа сенсек, облыстық маңызы бар Өскемен – Тарғын – Самар тасжолында өткен жазда Тарғын ауылы мен аттас шатқал маңында орташа жөндеу жүргізілді. Самар ауданында жол жөндеу аудан орталығынан бірден екі бағытта: Құлынжон ауылы жағына және Васильев өткеліне қарай жүргізілді. Осы жолдың 91-ден 99 шақырымына дейінгі учаске жөнделді. Самардың өзінде де жолдар ретке келтірілді.
Ал Өскеменде жазғы жөндеуден бөлек, Ертіс көпірі астымен Е.П. Славский атындағы жағалаудан Пермитин көшесіне шығатын көптен күткен өткелдің құрылысы аяқталды. Оның ашылуы көпір алдындағы айналмадағы жүктемені біршама азайтты. Көлік үнемі ұзын-сонар кезекте тұратын аумақ саналатын Сәтпаев – Есенберлин – Базовая – Жібек жолы бағытында көлік айрығының бірінші кезеңі аяқталды. Келесі кезеңде эстакада салу жоспарланып отыр.
Күршімдегі қауырт жұмыс
Бүгінде өңірде республикалық маңызы бар Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясы шекарасы тасжолын жөндеу жалғасуда.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы мәліметінше, аталған жолдың Ресей шекарасына дейінгі жалпы ұзындығы 121 шақырымды құрайды. 2024-2025 жылдары бұл бағытта орташа жөндеу жүргізіліп, 94 шақырымға жаңа асфальтбетон жабыны төселген еді.
Биыл жұмыстар Зевакино ауылынан Рассыпное ауылына дейінгі 27 шақырымдық учаскеде жалғасады. Бұл жол бөлігі биыл орташа жөндеуден өтпек. Мердігер ұйым ретінде «ОблШығысЖол» ЖШС анықталып, қазір дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында басталады деп жоспарлануда. Жобаға сәйкес жол негізін ресайклирлеу, асфальтбетон жабынын екі қабаттап төсеу жұмыстары жоспарланған.
Құрылыс маусымы аяқталған соң Өскеменнен Ресей шекарасына дейінгі жол бойымен көліктердің толықтай қатты жабынмен қозғалуына мүмкіндік беріледі. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтау көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, қарбалас жұмыс Күршім – Қалжыр – Бурабай – Маралды тасжолында жалғасып жатыр. «ОблШығысЖол» ЖШС мәліметінше, қазір аталған тасжолдың 28-33 шақырымдық Сайлыбай учаскесі жөнделуде.
Қауырт жұмысқа 15 маман мен арнайы жол техникасы жұмылдырылған. Нақтырақ айтқанда, жұмысқа екі экскаватор, бір тиегіш, жеті самосвал және бір ГАЗ-66 жүк көлігі қолданылады. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазір жол бетін қалпына келтіріп, тегістеу жұмыстары қызған. Негізгі кезеңдер аяқталған соң жол бетінің сапасы мен беріктігін арттыру үшін қосымша жұмыстар жүргізілетін болады.
Биылға не жоспар?
2026 жылы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы Өскемен – Риддер тасжолының соңғы проблемалы учаскелерін жөндеуді аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ осы жылы Өскемен
– Алтай тасжолындағы Өмеш асуын айналып өтетін жаңа жолды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Мұнда Пихтовка өзенінің шатқалы арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл екі жоба республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, облыстың биылғы жөндеу жоспары әзірге біршама қарапайым. Туристік нысандарға апаратын 116 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Ең ірі жұмыстар – Самар ауданы маңындағы Васильев өткеліне дейінгі жолдың 99-120 шақырым аралығы және Ұлан ауданындағы Шыбындыкөлге апаратын жолды абаттандыру.
Алдағы жол жөндеу жұмыстары көлемінің айтарлықтай қысқаруы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің азаюымен байланысты. Дегенмен жолдар неғұрлым қалпына келтірілсе, болашақта оларды жөндеу қажеттілігі соғұрлым азаятыны анық.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер